Смоленскідегі сарайшықтық жауынгердің туыстары табылды

Өткен жолы Смоленскі қаласынан сарайшықтық жауынгердің сүйегі табылғаны туралы жазған болатынбыз. zh-shugylasy.kz

Жазып қана қоймай, жерлесіміздің туыстарын іздеу жұмысын да қолға алған едік. Ізденістің нәтижесінде жауынгердің кім екені анықталып, бұған қоса туған жиені де табылды. Смоленск түбіндегі шайқаста қаза тапқан жауынгердің аты-жөні Ербатыров Сапарғали болып шықты. 1921 жылы туған.

Сапарғалидың туған қарындасы Танзиланың (1927 жылы туған) баласы Марат Атырау қаласында тұрады. Марат ағаға қоңырау шалғанымызда нағашы ағасы туралы көптеген мәліметтер ұсынды.

- Мен нағашы атамды көрген жоқпын. Өйткені, өмірден ерте озып кеткен екен. Өзімнің әкем Қуаныш мен жас жарымда болғанда қайтыс болған. Анам кішкентай баламен жалғыз қалған соң нағашы әжем Рахима Сарайшықтан қызының қолына көшіп келеді. Содан бері мен нағашы әжемнің тәрбиесінде болыппын. Нағашы әжемнің айтуы бойынша соғыс басталғанда баласы Сапарғалидан бір ғана хат келген. Артынша із-түзсіз жоғалып кетті деген қара қағаз алады. Баласының жолына қарай-қарай, бір дерегі бола ма деп үміттеніп, нағашы әжем де өмірден өтті. Анам Танзила да кете кеткенше аманаттап айтып кетті. Содан бері жүрген жерімде құлақ салып жүрдім. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында нағашым туралы ақпарат алғам, оның бер жағында ешқандай құжат болған жоқ. Жақында әлеуметтік желіден Смоленскіден сүйегі табылды деген деректі оқып, қуаныштан көзіме жас алдым. Күні кеше облыстық әкімдік шақырып, кездесу ұйымдастырды. Атамыздың сүйегін өзінің туған еліне әкелу үшін ел ағаларының көмегімен арнайы жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Енді сүйекті дәстүр бойынша жерлеу үшін дайындалып жатырмыз. Әзірге қайда жерлейтініміз белгісіз,- дейді бізбен әңгімесінде Марат Қуанышұлы.

«Жайық-Ақпарат»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT