Шөп өртеген тұрғынға үкім шықты

Өткен жылдың желтоқсан айында Таңдай ауылында елді шулатқан өрескел оқиға орын алды. Ауыл тұрғындарының азын-аулақ малына деп алып қойған руллон шөптері, бір түнде қора-қопсысымен өртке оранды. Қызыл жалын бұдан кейін де бірнеше үйдің қорасын шарпыды. Қыруар ақшаға сатып алынған мал азығының шығынға ұшырауы таңдайлықтарды есеңгіретіп тастады. Бір ауылда тұрып, бір ауаны жұтып, күнбе-күн жүзбе-жүз көрісіп жүріп, ауылдастарына қасақана зиян келтіру кімнің ойына келді екен?

Бұл сұрақ барлығы үшін бір ай бойына жұмбақ күйінде қалды. Бірақ, аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мен ауыл жастарының бірлесе із кесуінің нәтижесінде қылмыскер қолға түсті.

Қылмыс қалай ашылды?

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Абай Закариевтің айтуынша, қылмыс орын алған күннен бастап облыстық ішкі істер департаменті мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, қылмысты ашу жұмыстарына кіріскен. Полиция қызметкерлеріне Таңдай ауылындағы ерікті жастар да қосылған көрінеді.

-Күн сайын күнде рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Қызметкерлер кезек-кезек кезекшілікке тұрып, қырағылық танытты. Қылмысты ашу барысындағы тактикалар қолданылды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ауылдастарының қорасына өрт қойған қылмыскер қолға түсті. Тергеу барысында кінәсін толықтай мойнына алған соң, тергеу изоляторына жіберіліп, ісі сотқа жолданды. Бұл қылмысты ашуға облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкері Е.Кенжеғалиев, Бақсай ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Е.Зейнелғабитов, тергеушілер Д.Рахметов, А.Мусағалиев, полиция капитаны Е.Ақкөзов, бөлім бастығының тергеу жөніндегі орынбасары А.Тілепов, полиция бөлімі бастығының орынбасары А.Аязғалиев және аудан прокуроры Н.Ещмановтар үлестерін қосты, – деді ол.

Ақсақалдар не дейді?

-Бұл біздің ауылды ғана емес, бүкіл ауданды дүрліктерген жағдай болды. Бірінен соң бірі 8 үйдің қорасының отқа орануы, оны жасаған өз ауылымыздың баласы болып шығуы татулығымен, бірлігімен, ынтымағымен, ұйымшылдығымен аты шыққан таңдайлықтар үшін күтпеген жағдай болды. Ащы судың әсерімен осындай өрескел қылмысқа барған азамат күдік тудырмау үшін ең соңында өз үйінің қорасына сіріңке лақтырған. Қазақ үшін мал ашуы – жан ашуы екені белгілі. Малы азықсыз қалған жәбірленушілер бастапқыда қатты ашуланып, қылмыскердің заңды жазасын алуын талап етті. Кінәсін мойындағаннан кейін ауыл ақсақалдарының алдында жәбірленушілерден кешірім сұрады. Олардың кейбіреуі «ауылдан шыққан бір тентек қой» деп кешірімін берді. Бірақ басым көпшілігі сотпен жазасын алуын талап етті ,– дейді Таңдай ауылының ақсақалы, кәсіби емес медиатор Мұрат Ещанов.

Сот қандай шешім қабылдады?

Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 202-бабының 2-бөлігінің 1 тармағымен, яғни /бөтеннің мүлкіне өрт қою арқылы қасақана жою мақсатында/ көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппен сотқа берілген сотталушы М.Ж. қатысты қылмыстық ісі қаралып, аудандық соттың 03 наурыз 2020 жылғы айыптау үкімімен аяқталды. М.Ж., 2019 жылдың желтоқсан айының 10-нан 11-не қараған түні 23 сағат 00 минут шамасында бөтеннің мүлкіне өрт қою арқылы қасақана жою мақсатында, Махамбет ауданы, Таңдай ауылы, М.Өтемісов көшесі бойында орналасқан үйлердің жанымен өтіп бара жатып, үйлердің сыртқы жағында орналасқан мал кораларында жинаулы тұрған рулон шөптерді көрген. Сол кезде ойына аталған шөптерді өртеу ойы туындап, айналасында бөтен адамдардың жоқ екендігін көріп, қылмыстық іс-әрекетін аяғына дейін жеткізу мақсатында, жинаулы шөптердің қасына келіп, жанқалтасына өзімен бірге алып келген мақтаны шөптің арасына қойып, кейін сіріңке алып мақтаны өртеп, оқиға болған жерден кетіп қалған.

Бұдан басқа, дәл осындай қылмысын бірнеше рет жасап, нәтижесінде жәбірленушілерге материалдық зиян келтірілген. Сотта жауапталған жәбірленушілер бүгінгі күні сотталушыға қояр талаптарының жоқ екенін, келтірілген материалдық зиянның орнын толтырғандығын айтып көрсеткен. Сотталушыға жаза тағайындаған кезде заңда көзделген жеңілдеу жаза тағайындауды сұраған. Сот үкімімен М.Ж. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 202-бабының 2-бөлігінің 1 тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 4 (төрт) жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Түйін

Бір ауылды дүрбелеңге салған Таңдайдағы шөп өртеу оқиғасы осылай аяқталды. Ауыл тұрғындары «адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң» деген қазақ мақалын ұстанып, көз көрген ауылдың баласына кешірім берді. Тентегін тек шығынды өтеп беру арқылы тезге салды. Жігіт ағасы жасына жеткенде жөнсіз қылық жасаған айыпталушы, енді мұндай қателікке ұрынбай, ауылдастарының үмітін ақтап, сенімдеріне селкеу түсірмесе игі.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT