Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің дамуына оң әсерін тигізетін өзекті мәселелер айтылды. Әсіресе, банк саласына қатысты айтқаны көңілге қонымды болды.
Мемлекет басшысы: "Банк секторындағы тағы бір мәселе - жоғары шоғырлану. Бүгінде елімізде 21 банк бар. Бұл ретте бірнеше ірі банктер ғана корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен айналысады. Сондықтан ұлғайту мақсатында бұл саладағы бәсекелестік үшін елімізге сенімді шетелдік үш банк тартылуы керек", - деді.
Қазақстан 2015 жылы бүкіләлемдік сауда жүйесін түзіп отырған Дүниежүзілік сау¬да ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Бұл үшін ел билігі 1996 жылдың қаңтарынан бастап 19 жыл үздіксіз келіссөз жүргізді. 2016 жылдан бері ДСҰ талабы бойынша әлем елдерімен еркін сауда айналымын құрып отыр. Шетелдік банктерді елге кіргізу әлем елдерінде бар тәжірибе. Мысалы, Шығыс Еуропа мемлекеттерінің басым бөлігінде қаржылық операцияларды шетелдік банктер жүзеге асырып отыр. Бұдан олардың қаржы нарығына ешқандай қауіп төнген жоқ. Керісінше, қаржы нарығында бәсекелестік пайда болып, қызмет көрсету сапасы артқан. Шетелдік банк бөлімшелерінің ел аумағындағы барлық қаржылық операциялары Ұлттық банктің қадағалауында болады. Шетелдік банктер Қазақтанға келіп заңсыз қаржылық операция жасай алмайды. Сондықтан мұндай өзгерістен қорықпау қажет.
Егер шетелдік банктер елімізге кіріп жатса, бұл ең алдымен еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Ең маңыздысы, шетелдік банктер елімізге шетелдік инвестициялар алып келеді, бұл халықаралық қаржы орталығының ары қарай дамып, өсуіне ықпалын тигізеді. Шетелдік банктердің келуі отандық банктердің белсенді жұмыс істеуін ынталандырады. Себебі ішкі нарықтағы кәсіби банк қызметкерлерінің бәрі елімізге келіп-кеткен банктерде жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Нарыққа кірген кез келген ойыншы жергілікті банктердің дамуына көмектеседі. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бастамасын өте орынды деп санаймын.
Эльмира Еспусинова,
Махамбет аудандық мәслихаты депутаты