Шаттығы мол шаңырақ

Отбасының бақытты болуының кілті-әйелде. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе,екінші қолымен әлемді тербетеді.

Кезінде ата-бабамыз «Жақсы әйел жігіттің жақсы қылар жаманын, ұшқыр қылар шабанын, жаман әйел-жігіттің тайдырады табанын, тар қылады заманын», «жақсы әйел-ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел-көрге сүйрейді» деген екен. Сондай-ақ «Жақсы әйел-жаман еркекті ер етеді, жаман әйел-жақсы еркекті жер етеді» демей ме?

Жалпы әйел адамның басты парызы ана атанып, адамзат ұрпағын көбейтуге мол үлес қосу болса, әйел-ана ретіндегі міндетін абыройлы атқара жүріп, елінің гүлденіп-көркеюіне бір адамдай атсалысып, еңбек сіңіріп жүрген қыз-келіншектер жетерлік.

Отбасында алты ұл-қыз тәрбиелеп, қызметінде табысты еңбек етіп жүрген абзал жанның бірі, «Күміс алқа» иегері, ақтоғайлық кітапханашы Маруся Қанатова. «Мен қазақ дәстүрлерін дәріптеп, ана тілімді құрметтейтін жанмын. Отбасым-менің бақытым. Бар бақытым-балаларымда деп ойлаймын. Кезінде қазанның құлағын ғана ұстаған аналар бүгінде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербете жүріп, көліктің тізгінін де ұстап, басшылық орындарда да абыройлы еңбек етіп жүр. Бұрын «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп деуші еді. Білімі мен білігі жетіп, қолынан іс келіп тұрса, әйел неге үйде отыруы керек?! Өзін жан-жақты ұтай білген, істің көзін тауып, көптің көңілінен шыға білетін әйелдер қоғамда неге белсенділік танытпасқа? Тіл білуге, жаңа технологияның қыр-сырын меңгеруге бүгінгі жастарда мүмкіндік көп. Сол мүмкіндіктерді ақылға салып, білектің емес, білімнің күшіне, ақыл мен ісіне сенетін болса, әйелдің да алар асуы, шығар шыңы биік болары хақ. Ұшқан ұясында алған тәрбие негізі дәстүрге дәріптелген болса, онда көкке көтеріліп, биікке самғап жатса, өз азаматының алдын кеспейді. Адамға жақсылық жасаудан жалықпау керек. Бүгінде қыз-келіншектердің болмысы жаһанданып бара жатқандай көрінеді маған. Тек батысқа еліктегенді қойып, әрбір қазақ әйелі қай ортада болсын өз жасына лайықты сәнімен жүрсе, артық етпес еді деп ойлаймын» -дейді Марусяның өзі.

Маруся Қанатова көп жылдан бері Ақтоғай ауылындағы кітапханада жұмыс жасап келеді. Сонау 1979 жылы Гурьев мәдени-ағарту училищесін бітірген ол кітапханашылық мамандықты меңгеріп, Махамбет ауданының Бақсай ауылдық кітапханасында ең алғаш еңбек жолын бастапты. Ол кезде көп ізденіп, дайындалып, мәдени шараларды түрлендіріп өткізуді талап етті. Мәдени жұмыстар сол кездегі саясатқа сай жүргізіліп, халық сұранысын орындауға талпынды. Қазіргідей компьютер, көшірме аппараттары жоқ, бәрін қолмен жазылып, жасап шығаратын. Әр шараны мазмұнды өткізуге тырысатын. Кейін Ақтоғай ауылындағы кітапханада жұмысын одан әрі жалғастырды. Кітапхана-көпшілік орын, онда өткен әр шара, Жолдауға байланысты кездесулер жұртшылықтың көңілінен шығып жүр. Оқырмандар арасында ыстық ықыласқа бөлінудің өзі бақыт деп есептейді. Компьютерді де тез меңгеріп кетті. Жаңа әдіс-тәсілдерді тез меңгеріп, әр шараның жаңа форматта өтуіне күш салып жүргені. Оқырмандармен кітап конференциялары, кездесу, кештерді өткізуді әдетке айналдырған. Міне, мәдениет саласында еңбек еткеніне де 40 жылға жуықтап қалыпты-ау. Ауылда еңбек ете жүріп, өмірлік жары Бақтығалиды жолықтырып, онымен шаңырақ құрады. Өмірге өндірдей ұлдар, күміс қасықтай қыздар келіп, отбасы шаттыққа бөленді. Екеуі күн-түні жұмыста жүрсе де ұрпақ тәрбиесін бір сәтке уыстан шығармады. Отағасы Бақтығали күні ұзақ жұмыста жүріп, қолы босаса, балаларын қадағалап, оқуына назар аударып, оларды еңбекке, спортқа баулудан жалықпайтын. Өнегелі шаңырақта тәрбиеленген ұл-қыздары мектеп бітіріп, өздері қалаған мамандықтарына оқуға түсті. Бәрі де жоғары оқу орындарын тәмамдап, бітірген мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты.

Бүгінде балаларының бірі- мұнай кәсіпшілігінде, екіншісі жеке кәсіпкерлікте, үшіншісі ұстаз болып, еңбек етіп жүр. Өмір өз ағымымен өтіп жатты. Алайда, адам өмірінің ащы-тұщысы қатар жүреді демекші, 2007 жылы жан жары Бақтығали өмірден озды. Бұл қаза отбасына ауыр тиді. «Орнында бар оңалар», «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, Маруся қанша қиын болса да балаларын аяқтарынан тік тұрғызу үшін барын салды. Кездескен түрлі қиындықтарға мойымай, ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатып, құдандалы болды. «Қыз өссе, өріс» дегендей, бір қызы Шымкентте, екіншісі Жамбайда(Исатай), тағы бірі -Атырауда тұрып жатыр. «Балалы үйдің еңсесі биік» демей ме? Алты ұл-қыздан өрбіген 10 немере, 4 жиеннің күлкісімен отбасының шырайын келтірген Маруся еңбек пен отбасын қатар алып жүріп, бақытқа кенелген жан. «Қалауын тапса, қар жандыра алатын» Марусядай аналардың арқасында еліміздің экономикасы дамып, халық саны арта түсуде. Осындай алтын құрсақты асыл аналар қатары көбейе бергей!

А.Текебай

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT