Сарайшықта «Музей түні – 2023» шарасы өтті

Махамбет ауданы Сарайшық ауылында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай аудан әкімдігі мен Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының қолдауымен, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Музей түні – 2023» шарасы өтті. 

Шара аясында концерттік бағдарлама, шеберлік сағаттары, дәрістер мен интеллектуалдық ойындар, «Сарайшық базары» жәрмеңкесі, «КиноTime», «Сарайшық барысы» спорттық сайысы ұйымдастырылды. 
– «Музей түні» шарасы елімізде жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Ал «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бұл шараны алғаш рет өткізуде. Мақсат – тарихи-мәдени мұраны сақтау, түрлі бағдарламалар ұсыну арқылы жұртшылықтың назарын музейге аударту болып табылады,- дейді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Жанар Диярова.
Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының жас өнерпаздарының қатысуымен театрландырылған көріністер қойылып, ән айтылып, би биленді. Рухани кеште киіз басудан шеберлік сағаты өтсе, қонақтарға арналған жәрмеңке де жұртшылық көңілінен шықты. 
Тартысқа толы өткен «Сарайшық барысы» турнирінде 20-ға жуық балуан өз бағын сынады. Боз кілемнің үстінде бір-бірін аңдысқан спортшылардың бірінің бағы жанып жатса, бірінің бабы келіспей жатты. Ақтық белдесуде қарсыласының арқасын шапшаң қимылмай жер иіскеткен махамбеттік Бауыржан Бағытжан турнирдің жеңімпазы атанды.  Спорт бәсекесінде күміс жүлде Азамат Ақылбековке бұйырды. Әділ Алданбаев пен Әбілсейіт Сұлтанов үшінші орынды өзара бөлісті. Жүлдегер спортшыларға диплом мен ақшалай сыйақы ұсынылды. 
Ұйымдастырушылар «Музей түні» шарасы алдағы уақытта өз жалғасын тауып, Сапар орталығына келушілердің қатары артатынына сендірді. 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521