«Сарайшық оқулары-2023» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

  Сарайшық сапар орталығында  «Сарайшық оқулары-2023» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  ұйымдастырылды.  Конференцияны Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы РМҚК директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Ә.Мұқтар ашты.

Конференция оффлайн және онлайн форматта өтті. Сарайшық оқуларын Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының бас  ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы  Т.Ахмет өзінің «Сарайшық аңыздары және тарихи шындық» баяндамасын оффлайн форматта жасады.  Ол  Сарайшықтағы алғашқы мешіт, секер көл, Қасым ханның Салбұрын жасауы, алтын теңге табылуы, әулиелер төңірегінде ой өрбітіп, бұрынғы секер көлді қалпына келтірсе деген ұсынысын тастады.

Оффлайн форматта жасаған С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Асанның «Қалу, Сары-Мұса бидің ұрпақтары» баяндамасы да көптің көңілінен шықты.  Ол  Ноғай жыры, Едіге батыр, Мөңке би төңірегіндегі ой-толғамдарымен бөлісті.

Облысқа белгілі  өлкетанушы  С.Ауелбаевтың «Қалабасы-ортағасырлық Сарайшықтың бастауы» баяндамасы да қызықтылығымен есте қалды.  Ол бұрынғы  кеңес  заманындағы колхоздар, Сібірті болыстығына қараған ауылдар, Қараөткел орыс-қазақ мектебі, Құлтай, Қоржын, Аша мекендері, Қалабасы ауылы, Тайлан көлі туралы әсерлі әңгімеледі.   Сонымен қатар  Тайлан  көліне кемелер көп тоқтағанын, ол жақта төрелер жерленген  ескі қорым барын да айтып,  Сарайшықтың бастауы Алға ауылы жақтан басталады деген ой-пікірін  қосты.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, философия ғылымдарының  докторы  Ө.Бекежан  «Сарайшық және Алтын Орданың  діни жағдайы» тақырыбындағы баяндамасы да жиналғандар көңілінен шықты.  Сарайшық  кезінде барынша дамыған, саяси-мәдени  орталық болғанын, Ислам дінін жариялауда  үлкен рөл атқарғанын, бірақ әлі де көп зерттеуді қажет ететінін баяндады.

Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Жумабаеваның «ХV-ХІХ ғасырлардағы солтүстік Каспий өңіріндегі этно-саяси процестер және Сарайшық» баяндамасын да жұртшылық  ұйып тыңдады.  Ол Сарайшықтың облыс үшін үлкен мәртебе екенін, кезінде Сарайшық Қытай мен Үндістанға дейінгі сауда керуен жолы болғанын, оның маңызы ерекше екенін айтып,  мұнда хандық құрған Қасым, Хақназар, Бату, Берке, Өзбек, Жәнібек хандар туралы қызықты мәліметтер келтіре кетті. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұ.Ахметованың «Сарайшық-Үргеніш-Сарайшық көне керуен сарайлар ізімен»(ғылыми-зерттеу экспедициясы жұмысы нәтижелері) баяндамасы да  атап өтуге тұрарлықтай.  Әсіресе,  Ұлжан Төлегенқызының  слайдтан көрсете отырып, Ташкент, Мизатхан, Ұшқын қалалары, Бақашы қорымы, Білеулі құдығын , күллі  әлемге белгілі  Ұлықбек обсерваториясын көзбен көргендерін әсерлі  әңгімелегені көкейге қонымды болды.  Ол  Ұлықбек заманында 683 қала белгілі болғанын, үлкен Ұлықбек обсерваториясында каталог, кестелер құрылғанын, ғалымдар жұлдызға қарап, әр жылға болжам жасағанын, қазба орындарынан тиындар, қыш бұйымдар  көп  табылғанын, Мизатхан қаласынан қолөнер шеберханасы ішінен сұр қыш(керамика) құмыралар шыққанын да әңгіме арқауы етті.

Облысқа белгілі өлкетанушы  А.Шамғонов бұл бір ерекше естен  кетпес тарихи  күн болғанын, әсіресе, Сарайшықтың алатын орнының зор екенін, сонымен  қатар Алтын орда туралы да көп зерттеп, білуіміз  керектігін алға тартты.  Ол   қасиетті Сарайшық өңірі  Жәңгір ханның кіндік қаны тамған жер болғандықтан Сарайшық сапар орталығы  үлкен ғылыми орталыққа айналып, болашақта бұл жерде  кітапхана ашылса деген ұсыныс тастады.

 КСРО кәсіп-техникалық білім беру саласының  ардагері  Н.Құрмашев  өзіне дін жөніндегі баяндама қатты ұнағанын, бала кезінен үлкендерден  Сарайшықта 5 әулие бар деп естігенін, соның екеуі өте көне зират ер, қыз әулие екенін айтып,  осы әулиелерді жіті зерттесе деген ұсынысын  тастады.  Ол оңтүстік өңір толған кесене екенін, енді осы Сарайшықтағы көне қорымдарды  зерттеп, тұрғызбаса,  сол мола күйінде мәңгіге қала беретінін, сол қасиетті қорым, әулиелер басына кесене тұрғызса, қандай ғанибет  болар еді деген ойымен бөлісті.  Пленарлық мәжіліс аяқталып, одан әрі секциялық отырысқа ұласты. 

«Сарайшық оқулары-2023» республикалық ғылыми –тәжірибелік конференциясын  Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессоры Ә.Қапизұлы қорытындылап, барлық белсене қатысқандарға сертификаттар тапсырды.

А.Қуанышқалиева

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521