САРАЙШЫҚТАН БАСТАЛҒАН ЕЛБАСЫ САПАРЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелге тұңғыш сапары 1991 жылдың шілдесінде Қытайға жасалған болатын.

Естен кетпес ерекше сапардың нәтижесінде сол тұста көтерілген екі ел арасындағы мәселелердің барлығы өз шешімін тауып, Қазақстан мен Қытай мықты стратегиялық әріптес деңгейіне көтерілді. Мәселелерді реттеу мақсатында шетелдермен байланысты нығайтқан тұңғыш президент өз жерінде көп жағдайда халқымен қуанышты жағдайларды бөлісуге келетін. Сондай бір елді елең еткізген оқиғаның бірі – 1999 жылдың қыркүйек айында Сарайшық мемориалдық кешенінің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келуі болды. Дауылпаз ақын, жауынан қаймықпаған батыр баба-мыз Махамбет атындағы ауданға алғашқы сапарын сары айшықты Сарайшықтан бастауына сеп болған – болашағына сеніммен қараған мемлекеттің тарихын түгендеуі еді. Сол күні көне Сарайшық басы ерекше сән-салтанатқа бөленіп тұрған еді. Бір қапталға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазандар көтерілген.

Атырау қаласынан, Махамбет, Исатай және өзге де аудандардан мың сан жергілікті халық жиналды. Ескерткіштер кешеніне қарай беттегендер сапында Елбасымен қатар премьер-министр Нұрлан Балғымбаев, облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Президент аппаратының жетекшісі Сарыбай Қалмырзаевтар болды. Жиналған халық ду қол шапалақпен құрмет көрсетті. Елбасы бастаған атқамінерлер ақ тастан қаланған биік ескерткішті, оның жанынан салынған ортағасырлық Сарайшық мұражайы мен мешіт үйін көріп шықты. Сарайшық пен оның тарихи тағылымдары туралы тебірене сөйлеген Н.Назарбаев көне қаланың тарихи рөлін, оның елдің елдігін, ердің ерлігін сынаған ғасырларда әлемге танымал астана атанып, бірліктің, ұйымшылдықтың ұйытқысы болғанын атап өтті.

Махамбет ауданының сол кездегі әкімі Ұ.Елеубаев еліміздің Тұңғыш Президентіне ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Арада үш жыл өткен соң, нақтырақ айтқанда 2002 жылдың 4 сәуірінде Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Махамбет ауданына да қадам арнады. Елбасы алдымен аудан орталығындағы су тазарту орталығының жұмысымен танысты. Соғыс және еңбек ардагері Мағзом Құлбасовқа сәлем беріп, оған жеңіл көлік мінгізді. Кейін Н.Әбішұлы Махамбеттегі аудандық аурухананың жаңа ғимаратымен танысып, емдеу орнын аралап көріп, денсаулық сақтау ордасының жабдықталу жайына қанықты.

– Егемендігін иеленген Қазақстанды әлем жұртшылығының дені таныды, мойындады,-деді Елбасы жұртшылықпен кездесудегі сөзінде. – Қойнауы құт-берекеге, жайлауы төрт түлікке, адамдары ізгілікке толы республикамыз жаңа ғасырда қазақстандық жолмен қарыштай бастады.

Н.Ә.Назарбаев бұдан әрі өз тапсырмасы бойынша бой көтерген су тазарту қондырғыларының іске қосылуына, газдандыру шараларына ризашылықтарын білдірді. Алда атқарылатын келелі істердің барысына тоқталды. Әсіресе, дауылпаз ақын, берен батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту шараларына баса назар аудару керектігін атап өтті. Бұдан соң аудандық ауруханаға әмбебап жабдықталған жедел жәрдем көлігін тарту етті. Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев Елбасына аудан тұрғындары атынан ақбоз арғымақтың тізгінін ұстатты. Елбасының 2003 жылғы ауданға сапарына арқау болған – халқының еркіндігі мен бостандығы жолында қасық қанын пида еткен қаһарман Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы еді. Махамбет ауданына алыс-жақыннан көптеген қонақтар келді. Олардың ішінде атақты ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет, өнер қайраткерлері, зи-ялы қауым өкілдері болды. Торқалы тойға арнайы келген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты махамбеттіктер тағатсыздана күтті. Елбасы мінген кортеж ауданға келген бойда «Исатай-Махамбет» мешітіне келіп тоқтады. Жиналғандар ауданға табан тіреген құтты қонақтарды үлкен қуанышпен, той шаттығымен қарсы алды. – Бір ғана Махамбет ауданының өзінде қаншалықты ауқымды жұмыс атқарылғанына куә болып, қуанып отырмын. Рухани да мәдени, тұрмыстық тұрғыдағы көптеген мәселелер шешімін тапқан. Газдандыру, сумен жабдықтау, ғимараттарды жаңғыртып, жаңасын салу, жолдар тарту, т.б. жұмыстар жүйелі жүргізілген, -деді Елбасы Н.Әбішұлы.

Расында, осы жылы ауданның әлеумет т ік-мәдени өмірінде көптеген өзгерістер орын алды. «Атырау-Махамбет» автокөлік жолы төселіп, пайдалануға берілсе, аудан орталығында спорт кешені, базар мен 200 орындық мейрамхана бөй көтерді. Көк күмбезі күн нұрымен шағылысып, мұнарасы алыстан менмұндалаған «Исатай-Махамбет» мешіті, тарихи- өлкетану мұражайының есіктері айқара ашылды. Шебер жөнделіп, адам танымастай жаңартылған мәдениет үйі мен «Қазақтелеком» ғимараттары да – көптің көңілінен шыққан бірегей құрылыстар. Ал орталықтағы аллея реконструкцияланып, жаңа жобада қайта салынды. Алдына Махамбет бабамыздың бюсті орнатылды. Бұл орын махамбеттіктердің тынығып, демалатын тамаша орнына айналып үлгерді. Осы аллеяның кіреберіс және шығар қақпалары үлкен аркаға ауыстырылып, қазіргі заман талабына сай сәнді құрылыс материалдарымен қапталды. Ауыл ішіндегі жолдарға асфальт төселіп, 14 шақырым аумаққа созылатын көшелер жарықтандырылып, түнгі Махамбет самаладай жарқырады. Махамбет сынды біртуар тұлғаның 200 жылдығының ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілуі әрі Елбасының ауданға сапары – қазіргі күні халық игілігін көріп отырған бірқатар нысандардың ашылып, туған ауылымыздың гүлденуіне септігін тигізген және тәуелсіздігімізге бедел қосар ел өміріндегі айтулы оқиға болғаны сөзсіз.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521