«Сақалды» құрылыстардың жыры қашан бітеді?!

Ауданымызда соңғы жылдары жол, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жөндеу жұмыстары қарқын алғандығы қуантады. Алайда түрлі себептермен біршама уақыт жұмысы тоқтап қалып, алаңдатушылық туғызған нысандар да бар.

Соның бірі – Сарытоғай ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі. Осыдан үш жыл бұрын басталған құрылыс жылға жетпестен құлдырап, тоқырап, жұмыстар аяқсыз қалды. Кінәні кімнен іздейміз? Мердігердің жауапсыздығынан ба? Әлде тапсырыс берушіден бе?

maden280820

klyb280820

ТАЛАЙ ТАЛАНТТЫ ҚАНАТТАНДЫРҒАН КЛУБ

Осы сұрақтарға жауап іздемек мақсатта алдымен 50-ші жылдардың ортасында салынған мәдениет үйіне (ол кезде ауыл клубы) бас сұқтық. «Мәдениет үйі» деген аты бар демесеңіз, дұрыс жөндеу көрмегеніне 15 жылға жуықтаған нысанның сиқы адам шошырлық. Іргетесы сөгілген, саман тастан салынған ғимараттың қабырғалары қақырап тұр. 1954 жыл пайдалануға берілген мәдени демалыс қызметін ұйымдастыруға арналған 200 орындық ғимаратқа 2004 жылы жылу жүйесі қондырылып, 2006 жылы ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал мекемеге бөлінген көлікті өзгелер иемденіп алыпты. Саны 10-ға жетер-жетпес қызметкері бар мәдениет үйінде хор, Жұмабаевтар жанұялық ансамблі, би, драма үйірмелері де жұмыс жасайды. Алғаш ашылған жылдары аудандағы белді мәдениет ошағы саналған клубтың меңгерушісі, коменданты Б.Ескендіров болды. Кейін Иманмұрат Рамазанов, Жібек Қыдырмағамбетова, жергілікті композитор Қайыржан Ихсанов, Өтепберген Тарғынбаев, Қарлыға Айдарова, Айжан Утепқалиева, Саламат Қазиев, Биязы Қошымовалар клуб жетекшілігінде болды. Кейін кәсіпорын болып қайта құрылғаннан кейін Қ.Айдарова, А.Тулеуовтер басшылық етсе, қазіргі күні мәдениет үйінің директорын қызметін Р.Жұмабаев атқарып келеді.

А у ы л д ы ң ө н е р п а з д а р ы Ф.Мухамеджанова, Р.Боброва, Л.Гобрузовалар Алматы қаласында 1978 жылы өткен фестивальдарға қатысып, Қ.Ексебаева, Р.Жұмабаев, Е.Жұмабаев, Н.Салиевтер көркемдік жетекші болды. Кинофиксация тарағанша Қ.Хайруллин, Г.Кузецовтар киномеханик қызметін атқарды. Композитор Қ.Ихсанов «Самғай бер, Атырауым», «Махамбет – құтты мекен», Сарытоғайдың гимні «Саялы Сарытоғайым» секілді 100-ден астам ән жазып, ол туындылар түрлі шараларда орындалып жүр. Мәдениет ошағынан Гүлмира, Ерлан, Жантөре Жұмабаевтар, Ерлан, Жақсылық Базарбаевтар, Айдын Жұмабаев, Айдана Табылдиевалар әншілік өнерлерімен үлкен өмірге қанат қақты. Алайда осынша таланттардың қанатын қатайтып, томағасын сыпырған мәдениет үйінің қазіргі күйі мүшкіл...

ЖАУАПСЫЗДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҚТЫ

Мәдениет үйінен шығып, ауылға кіреберісте құрылысы басталып, аяқсыз қалған, көшенің сәнін кетіріп тұрған нысанды көрмекке асықтық. Айналасы жөнді қоршалмаған ғимаратқа кіру қиындық туғызбады. Бірақ жұмысшылардың құлаған қоршауды жөндеп жатқандығын көріп, «жақын арада жұмыстар қайта басталатын болғаны ғой» деп ой түйдік. Қос қабатты мәдениет үйінің төменгі қабатындағы терезелері сынған, ағаш, темір қалдықтар жан-жақта шашылып жатыр. Екінші қабатында тіпті терезе де, есік те жоқ. Жұмыстың біраздан бері тоқтап тұрғандығын ғимарат ішінде өсіп тұрған арам шөптер де дәлелдеп тұрғандай. Бір қызығы, жоғары қабатта бетон жабындылары толық төселмеген. Жергілікті тұрғындардың балалары үшін алаңдайтын жағдайға әкеліп соқтырған ғимараттың құрылысы қашан қайта басталып, аяқталатын білмек мақсатта Атырау облыстық құрылыс басқармасына хабарластық. Айта кету керек, нысан осы аталған басқарманың тапсырысы негізінде жүргізіліп, басталған еді. Облыстық құрылыс басқармасының б ө л і м б а с ш ы с ы Н ұ р л ы б е к Сақпаровтың айтуынша, жаңа мердігер компания анықталып, жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таппақ.

qurlys-2280820-8

tereze280820

- 2017 жылы жалпы көлемі 1222,17 шаршы метрді құрайтын мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын бастаған мердігердің жауапсыздығы салдарынан жұмыс тұрып қалды. Енді мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, жұмысқа кірісуге дайын. Қаржы мәселесі және елдегі ахуал біраз кедергісін келтіргендігі тағы бар. Келесі жылдың ІІ жартыжылдығында бітіреміз деген жоспарымыз бар,- дейді бөлім басшысы.

qurylys280820

«БАТЫР БАБАМЫЗДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ»

Құрылыстың тоқтап тұрғанына, айналасының қараусыз жатқанына алаңдаған ауылдың ақсақалы Уәли Рахымжанов берілген құр уәдеден шаршағанын айтады. - Жұмыс жүрмей, тоқтап қалған соң 2018 жылдың қыс айында құрылыс алаңына ауданнан келген комиссиямен бірге мен де бардым. Жұмыс тобының бірі келіп, бірі кетіп жүргеннен кейін күмән туғызды. Жауапты адамды шақырып алып, жұмыстың неге баяулап қалғандығын, қашан аяқтау жоспарларында барын сұрағанымда, 2019 жылы бітіреміз деген. Содан бері екі жылдан аса уақыт өтсе де, қозғалыс жоқ. Егер жұмыстар жақын арада жасалмайтын болса, ең болмағанда жан-жағын адам кірмейтін қылып қоршап қойса екен. Жанындағы ойын алаңына баратын немерелеріміз үшін алаңдаймыз,- дейді еңбек ардагері. Уәли ағаның болашақта жұмыстар жалғасып, мәдениет үйі пайдалануға беріліп жатса, аудан орталығындағы Махамбет Өтемісұлының бюстісін осы жерге әкеліп, ғимаратқа батыр бабамыздың есімі берілсе деген ұсынысы да бар.

ТАҒЫ ДА ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ...

Өткен жылы желтоқсанда пайдалануға берілу керек болған нысанның бірі – аудан орталығында бой көтеріп келе жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Спорт зал, стендтер, түрлі спорт секциялары және коммуналдық бөлмелермен жасақталатын 160 орындық екі қабатты спорт кешенінің құрылыс жұмыстарына 350 миллионға жуық қаржы бөлінген еді. Сол жылы қызу басталған жұмыстың қарқыны бүгінде бәсеңдеп қалған. Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов ауданға сапары барысында құрылыс алаңында болып, мердігер компания өкілдерімен кездескен болатын. Мердігер компания «АқсайСтройСервис» ЖШС басшылығының айтуынша, спорт кешенін аяқтау үшін жергілікті билік қалған соманы биыл төлеуге уәде еткенімен, әзірге ешқандай қаржы бөлінбей отыр. Бұлай жалғаса берсе, Сарытоғайдың мәдениет үйінің күйін кешпесіне кім кепіл?!

fok280820

- Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар нысандар, яғни тұрғын үй, мектеп, балабақшалардың құрылысына баса көңіл бөлініп отырғандықтан, мәдениет үйі, спорт кешенінің құрылыс жұмыстары екінші кезекке қалып отыр. Сонымен қатар, қаржы тапшылығы да бар. Арыс, Мақтааралда орын алған оқыс оқиғалардың алдын алу үшін материалдық көмек ретінде бюджет қаржысының біраз бөлігі жолданған еді. Осы жағдайларға түсіністік танытқан мердігер компания өз қаржысына жұмыстарды жүргізіп, біраз көмегін тигізіп отыр. Мәслихаттың кезекті сессиясында қаралып, бюджет бекітілгеннен кейін мәселе жақын арада шешімін табуы тиіс. Жоспар бойынша келесі жылдың І жартыжылдығында жұмыстар аяқталып, халық игілігіне берілетін болады,- дейді облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Н.Сақпаров.

ТҮЙІН

Жарым-жартылай ғана бой көтерген қос нысан мелшиген күйінде қалмайтынын айтқан облыстық құрылыс басқармасы өкілінің сөзіне сенсек, келер жылы қос ғимараттың ашылу салтанатының куәсі болмақпыз! «Сақалды» құрылыстың жыры жалғаспасын деп тілейміз!

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT