Сабыр түбі-сары алтын...

Өткен аптада Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында орналасқан оқ-дәрі сақталған қоймадан шыққан жойқын жарылыстың дүмпуі әлі күнге басылар емес.

Түрлі дереккөздерге сүйенсек, қуаты төрт балл шамасындағы жер сілкінуіне барабар болатын жарылыстың зардабын ойлағанда жаның түршігеді. Яғни, төтеншеліктердің түсіндіруінше, жарылыс аймағының радиусы он шақырымға дейін жететін көрінеді. Қаннен-қаперсіз бейқам отырған жергілікті халыққа осынау оқыс оқиға аспаннан жай түскендей әсер еткен. Тезірек ес жиған құзырлы орындар шұғыл шешім қабылдап, іске кіріскен.

Алдымен балабақша тәрбиеленушілері, жүріп-тұруы қиындаған егде жастағы адамдар қауіпсіз аймаққа көшірілген. Арысқа ұшып шыққан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жағдайды өз көзімен көріп, жарылыс зардаптарын тез арада жою, нақты себебін анықтау, халыққа басу айтып, бойларын билеген қорқыныш, үрейлену сезімдерінен арылту мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жөнінде тығыз тапсырмалар берді.

«Сабыр түбі-сары алтын» дегендей, халықты табандылыққа, қиындыққа бірлесе жеңуге шақырды. Өз құзіреті шеңберінде аймақ басшысы Ө.Шөкеев те бірқатар маңызды шешімдер қабылдап, командасын жарылыс зардаптарын жедел жоюға жұмылдыра білді. Аймақтық, республикалық БАҚ құралдары арқылы болған жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, Арыс қаласының тұрғындары уақытша эвакуцияланған аудан, қалаларда қалыпты тұрмыстық жағдай туғызу, жатар орын, тегін тамақ, тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуді жергілікті әкімдерге міндеттеді.

Сондай-ақ, «жарылыс кезінде бәленбай бала із-түзсіз жоғалып кетіпті, адам шығыны қанша екені әзірге белгісіз» деген сияқты әлеуметтік желілердегі қаптап жүрген ұзынқұлақ хабарларын да бұл мәселемен тікелей айналысып, бақылауында ұстап отырған құзырлы орындар жоққа шығарып отыр. Қазір Арыс қаласындағы жарылысқа байланысты кез келген ақпаратты алу үшін тікелей байланысқа шығатын қауырт желі іске қосылған. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігі бастама көтеріп, Арыстағы жарылыс зардаптарын жоюға жәрдемдесу мақсатында бір күндік еңбекақыларын аударуға шешім қабылдаған. Бұл бастама көпшіліктен қолдау табады деген сенімдеміз. Ал, біз өз тарапымыздан нақты деректер негізінде халыққа ресми, шынайы ақпаратты уақтылы жеткізіп отыруға жұмыстанатын боламыз.

Нұрым Ерғалиев

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521