Қаңтар оқиғасы бейбіт күнде төбемізден жай түсіргендей әсер қалдырған, Тәуелсіз еліміздің тарихында қан мен жазылған қасіретті жағдай болды.
Азық-түлік пен газ бағасының қымбаттауына орай бір мезгілде дүр көтерілген қазақ жастарының негізгі мақсаты, Үкіметтен қымбатшылықты құрықтауды талап ету болатын. Өкінішке орай, тыныштығымызды кетіріп, жайбарақат күндеріміздің ту-талақайын шығаруды жоспарлап, тасадан тас атуға оқталып жүрген арнайы топ, бейбіт митингті мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатына пайдаланып кетті. Олардың арам ойлары жүзеге аспады. Бірақ жазықсыз адамдар, бейкүнә сәбилер, жалындаған жастар қаза тапты. Жақындарынан айрылған жандардың қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Арада бір жыл уақыт өтсе де олардың жан жарасы жазылмағаны анық. Сондықтан қаңтар қасіретіне себепші болғандар, әділ жазасын алуы тиіс. Күні кеше өткен Мәжіліс отырысында бас прокурор құқық қорғау қызметкерлері қаруды 5 қаңтар күні, сағат 16.00 шамасында Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде қолданғанын, яғни шабуылдаушыларға қарсы оқ ату, Президенттің сөз сөйлеуінен бірталай уақыт бұрын ашылғанын айтты. Бұл мәлімдемеден кейін қоғамдағы бұрмаланып айтылып жүрген пікірталастарға нүкте қойылады деп ойлаймын.
Сол күндері ауданымыздың азаматтары да бір жерге шоғырланып, ел бойынша белең алған бейбіт митингке үн қосты. Бірақ олар ел ағаларының айтқан сөздеріне тоқтап, басқа өңірлердегідей жаппай тәртіпсіздікке бармады. Аудан халқын бұдан былай да ауызбіршіліктен айрылмауға, дұрыс сөзге тоқтай білуге, билікке деген талап-тілектерін бейбіт митинг мәдениетін сақтай отырып жеткізуге шақырамын.
Біз үшін еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы маңызды.
Ермек Сабиров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.