Рушылдыққа жол жоқ

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесін енгізу қажеттігі айтылды.

«Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатармемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет»,-деді Президент.

Қазақ жеріне орыстар келместен бұрын дала заңы бойынша хан мен биді ақ киізге көтеріп, халық өзі сайлағаны белгілі. Кейін патша үкіметі және кеңес үкіметінің келуімен бірге тоталитарлық режим енгізілді. Ұзақ жылдар бойы орыстың отары болғандықтан біздің халық осы режимге үйреніп қалғаны да жасырын емес. Жолдауда айтылған ауыл әкімдерін тікелей сайлау үрдісін енгізу халықтың жаңа бір кезеңге қадам басуына мүмкіндік береді деп сенемін. Әрине, адамның болмысын, ой-санасын бірден өзгерту мүмкін емес.

Бұл жерде тек қазаққа тән рушылдыққа жол берілмеуі керек. Руласым, ағайыным деген көзқараспен қолынан іс келмейтін адамды әкім қылып сайлауға жұмыстанудың соңыжақсылыққа апармайды. Алайда қазіргі адамдардың көздері ашық, көкіректері ояу. Ауылдың жайын сол ауылда тұратын тұрғыннан артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан ауылым көркейсін, дамысын, гүлденсін деген әр тұрғын қолынан іс келетін, құрғақ уәде берумен емес, нақты жұмыс жасаумен айналысатын адамды әкім қылып сайлауға талпынады деп сенемін.

Сағынбай ШОТПАҚОВ,

аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT