Қызметіме құлшыныспен кірісемін

Киелі Махамбет топырағына ең алғаш оқуды бітіріп, болашақ жарыммен қол ұстасып келгенде өрімдей жас қыз едім.

Көршілес Астарахань облысында туып-өсіп, сол жақтағы байланыс техникумын тәмамдап, тағдыр жетелеп осы жаққа келін атандым. Осылайша жаңа ортада, жаңа мекенде отбасылық өмірім басталып, жолдасым екеуміз 2 ұл, 1 қызды дүниеге әкелдік. Астарахань қазақтары салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жақсы ұстанатын болғандықтан бұл жақта өзімді еркін сезініп,тез бой үйреттім.

Еңбек жолымды да «Атырау ЭнергоСату» мекемесінде бастап, 16 жылдан бері бақылуашы міндетін атқарып келемін. Өзім таңдаған мамандық болғандықтан, қызығы мен қиындығы мол қызметіме әр күні үлкен құлшыныспен кірісем. Қазіргі таңда бақылауымда 410 үй болса, бір күнде соның жоқ дегенде 70-80-ін аралауға тырысам. Күннің ыстығы, суығы, жауын-шашын мен дауыл-бораны біздің жұмысқа кедергі бола алмайды. Өйткені, әрбір күніміз, әр сағатымыз санаулы және халықты да төлем уақытынан кешіктірмеуіміз керек. Кейде, бір барған үйге екі барып, кейде қабаған итінен қашып, кейде демалысқа, қыдырып кеткен үй иелерін іздеп, әртүрлі жағдайларды бастан өткеріп жатамыз. Осы тынымсыз тірлігімен де мамандығым маған әлі күнге қызықты. Жұмыста үлгілі қызметкер, өмірде бақытты анамын.

Өкініштісі, өмірдегі тірегім, балаларымның әкесі о дүниелік болып кетті. «Орыны бар оңалар» дегендей, бүгінде әкесінің ізін жалғап ортаншы ұлым аудандық «Қазақтелеком» мекемесінде бас инженер болып еңбек етуде.

Күні кеше ғана «Махамбет электр жүйесі мекемесінің құрылғанына 55 жыл» толу мерейтойын аудан көлемінде атап өтіп, осы салада еңбегі сіңген көптеген қызметкерлер лайықты марапатын алған болатын. Аталмыш мекемедегі 16 жылдың ішінде менде бірнеше мәрте «Атырау ЭнергоСату» мекемесінің директоры Э.Есенбергенованың атынан «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтарды алып келе жатырмын. Қай саланың маманы үшін де атқарған жұмысы бағаланып, еңбегі еленіп жатса бір ғанибет емес пе? Жастар жағы бүгінде бұл салаға аса қызықпайды, әйтсе де бүгінгідей цифрлы технология дамыған уақытта бақылаушының жұмысына да жеңілдіктер жасалып жатырғанын атап өткен жөн. Соның бірі, «мини компьютерлердің» берілуі. Көрсеткіштерді осы құрылғымен суретке түсіріп алып, бір есеп береміз. Әйтсе де, біздің жұмыс бақылау болғандықтан көбіне компьютерге емес сенім артпай, өз көзімізбен көріп келгенді жөн санаймыз.

Мұхамбетова Гүлнара,

«Атырау ЭнергоСату»

мекемесінің бақылаушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT