Әлемді жайлаған пандемия кесірінен көпшілік халық төрт бұрышқа қамалып, терезеге телмірумен уақытын өткізді.
Осындай қиын кезеңде халыққа қолдау білдірген Президенттің кезекті Жолдауын таптырмас дәрі ретінде қабылдауға боларлықтай. Еліміздің болашағы жайында айтылған келелі ойлар халқымыз үшін тың серпіліс болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру жайы қозғалды.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде Қоғамдық кеңестер мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналады деген мақсатпен құрылған-ды. Республика бойынша ең алғашқы болып Атырау облысының Қоғамдық кеңесінің веб-сайты жасақталып, ол жерде кеңестің қызметі, мүшелері туралы ақпарат, қоғамдық кеңес төрағасының блогы және Атырау облысының тұрғындарына басқа өзекті ақпарат жариялануда. Ашықтық пен әділдікті ту етіп, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелер қоғамдық кеңестің отырысында қаралып, шешім қабылданатын болса, мемлекеттік құрылымдардың да жұмысын жеңілдетеді.
Қазіргі таңда бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ықпалын тигізетін Қоғамдық кеңестердің саны елімізде 200-ден асады. Билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын қоғамдық Кеңестердің жұмысын жетілдіру, жаңғырту үшін оның дамуына кері ықпалын тигізетін кедергілерді жою басты назарда тұр. Осы мақсатта екі жылда бір рет дәстүрлі түрде қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісі ұйымдастырылады. Ағымдағы жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының Қоғамдық кеңестерінің төрағаларымен онлайн-кездесуінде Қоғамдық кеңестерге әдістемелік қолдау көрсететін Республикалық әдістемелік орталық құруды, қоғамдық кеңес туралы заң жобасына өнеркәсіптік өңірлердегі шетелдік компаниялармен өзара іс-қимылға қатысты түзетулер енгізуді ұсынған болатынмын.
«Қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру заңын әзірлеу керек» деді Президент өз сөзінде. Билік пен квазисектордың жұмысына баға беру, бақылауға алу аталған заңда анық көрсетілетін болады. Ал «Қоғамдық кеңестер» туралы заңның қабылданғаны да бес жыл болды. Бұл уақыт аралығында халықтың түсінігі де, әлеуметтік сала да өзгеріске ұшырағаны аян. Осыған орай аталған заң жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша соңғы екі жылда мәселе көтеріліп келеді. Заңға енетін өзгерістерді алдағы сессияда қабылдау туралы Президенттің тікелей тапсырмасы да бар. Қоғамдық кеңестердің жұмыс жасау географиясы ауқымды. Ұлттық компаниялар мен квазисектордан бөлек, экология, жол құрылысы, тұрғын үй, БАҚ қызметі, білім, жастар саясаты секілді салалардағы жұмыстар Қоғамдық кеңестің отырыстарында жоспарлы түрде қаралуға тиісті.
Біздің өңірде білім, денсаулық, спорт және өзге де басқармалардың қаржысынан салынатын 300-ден астам квазисектор бар. Мысалы, спорт басқармасының жанындағы спорт ұйымдары да квазисектор болып есептеліп, басқарманың қолдауымен қосымша қаржыландырылады. Осыларды бір жүйеге келтіру қажеттігі туындап отыр. Квазисекторларға бөлінген қаржыдан әрбір мекеме табыс салығын төлеуі керек. Өйткені, бүгінгі күні табыс салығын жасырушылар, мөлшерін азайтып көрсететіндер көбейді. Шынын айтқанда, бақылау ақсап тұр. Аудиторлар облыстық басқармаларды тексергенімен, квазисекторларға қолдары жетпейді. Квазисекторлардың жұмысын жүйелеу, бақылау, реттеу бойынша Қоғамдық кеңестер енді квазисекторларда құрылады. Бірақ ол тек ұлттық компаниялардағы квависекторларда ғана. Мысалы, «Бәйтерек» холдингінің жанында бірнеше серіктестіктер бар. Осы компаниялардың жұмысына Қоғамдық кеңестер арқылы бақылау қажет. Облыстағы басқармалар жанындағы квазисекторларда Қоғамдық кеңес құрудың қажеттілігі жоқ.
Тағы бір айта кететін жайт, квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алудың қалай жүргізіліп жатқандығын көпшілік біле бермейді. Президент өз Жолдауында Қоғамдық кеңестерді сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажеттігін, квазимемлекеттік секторда Қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өткен-ді. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасы жыл аяғына дейін қабылдағаннан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алу процестеріне қатысатын болады. Бұл жұмыс кеңестің беделін арттырып қана қоймай, аталған сектордың халық алдындағы ашық жұмыс істеуін көрсетеді.
Мұрат ӨТЕШОВ,
Атырау облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы