Әке-асқар тау.
Таусыз жерде де бұлақ ағады, бірақ таудан аққан тас бұлақтай арыны қатты, суы мөлдір болмайды. Әкенің рөлі, әкенің сөзі - балаға бастау. «Әке жолы- ізгі жол» демекші, 64 жасты алқымдап, жаны жайсаң, пейілі кең, ардақты әке, құрметті ел азаматы Қуанышкерей Ұсекешұлының да өмірден өткеніне біраз уақыт болыпты. Көзінің тірісінде ел азаматы қала және ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін көп еңбек сіңірген еді. Аудан көлемінде коммуналдық қызметпен айналысқан. Алайда, ғұмыр біреуге ұзақ, біреуге жылдам. Тағдырдың жазғанымен Қуанышкерей ағамыз да өмірден өтті.
«Ұлым қыран болсын, қыраным ұран болсын» деп, әке жолын Рафаэль Қуанышкерейұлы абыроймен жалғастырып келеді. Ол әкесінің қарамағында жүріп, еңбек жолын бастаған. Сонау 2011 жылы бастау алған мекеме аудан халқын таза ауыз сумен қамтып, тазалық жұмыстарын жүргізіп отыр. Қазіргі таңда жалпы саны 30 шақты қызметкері бар кәсіпорын ауылдық округтермен де тығыз жұмыс жасайды.
Өнегелі істі ұрпағы жалғастырып, шырағын сөндірмеу, отын өшірмеу - атадан балаға мирас. Жас болса да бас болып, әкенің үкілеген үмітін халық алдында дәлелдеп жүрген жас буын өссе - біздің мерейіміздің өскені. Елдің еңселі болашағының бар екенінің, ұлттың ұлт болып қалыптасатынының басты дәлелі деп білемін. Қазақта «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Жаратқаннан ізін жалғастырар перзент сұраған әке-ананың барша үмітін аясына сыйдырған сөз құдіретіне қалайша тәнтілік танытпассың?! Ақ ниеттері қабыл болып, соңынан ерген тұяғы армандарын жүзеге асырса, ата-анаға одан асқан бақыт кездесер ме? Дәл осындай игі істің әке алдында да, артында қалған ұрпақ пен ұлт алдында да мерейі өсіп, биік белестерді бағындыратыны анық.
Шағия ЕСМАҒАНБЕТОВА,
зейнеткер