Белгілі тележүргізуші, тілші Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден озды.
Бұл туралы ATPress.kz хабарлайды Qazaqstan ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.
Нұртілеу Иманғалиұлы "Құрдастар", "Жастар дауысы", "Арай", "Жадыңда ма, жолдас", "Айна", "Жас жігер", "Бетпе-бет", "Қолтаңба", "Діңгек", "Көршілер", "Заң сөйлесін", Nur-Tiley авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.
Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Діңгек ауылында дүниеге келген. Үйдегі 14 баланың кенжесі. Атасы Қалиасқар, бес жасында сауатын ашқан.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, "Алтын Жұлдыз" сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының "Құрметті Азаматы".
Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, "Хабар" агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген.
"Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған. Нұртілеу Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Ғұмырының 35 жылын телевизияға арнаған.