Қағазбастылықтан қашан құтыламыз?

Әлемді жайлаған індетке байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланған уақытта ақпараттық технология, цифрландыру бағытындағы жұмыстардың олқылықтары көрініп қалды.

Мемлекет басшысының IT-саланы жаңа сапалық деңгейге көшіруді міндеттеуі де тегін емес. Күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналған бұл сала бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында: «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс» деген болатын.

ҚҰЖАТТАР ҚАҒАЗ НҰСҚАДА ДА ҚАБЫЛДАНУДА

500-ден астам мемлекеттік қызметтің түрін көрсететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалының «Халыққа қызмет көрсету» бойынша Махамбет аудандық филиалына (қысқаша айтар болсақ, халыққа қызмет көрсету орталығы) бас сұққанбыз. Жұмыс уақыты болса да, кісі қарасы көп емес. Бұрындары қолына түрлі-түсті папкасын құшақтаған аудан тұрғындары хал сұрасуға да уақыт таппайтындай көрінетін. Қазір бәрі керісінше.

- Құжатты қағаз түрінде ғана қабылдайтын қызмет түрлері бар. Олар электронды кезекпен тапсырылады. Бірақ қызмет алушылар ЭЦҚ арқылы пайдаланғанды құп көреді. Мысалы, ауылдың адамы такси жалдап, аудан орталығына келеді. Одан біздің мекемеге келіп, электронды кезекке тұрады. Кейін ол кісінің құжатын қабылдауға тағы уақыт керек. Негізі аса қажеттілік болмаса бұлай жүріп, шығынданудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы Egov.kz электрондық қызмет порталынан өзіне қажетті қызмет түрін ала алады. Сотталғандығы болуы не болмауы туралы анықтама беру, психо-наркодиспансерде бар-жоғы туралы анықтамаларды «Egov-mobile» қосымшасы арқылы телефонмен де алуға болады, - дейді «Халыққа қызмет көрсету» бойынша Махамбет аудандық филиалы басшысының орынбасары Маруа Себекбаева.

kag101120-1

Қазір тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекеттік қызметке сұраныс артқан. Әрбір қызмет алушы үй, сарай салатын болса,құжаттарын рәсімдеу халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізіледі. 2020 жылдың қазан айынан бастап «Жер учаскесіне актілерді дайындау және беру» Egov.kz порталы арқылы рәсімдеу өз күшіне енді. Осы уақытқа дейін бұл қызмет түрі қағаз түрінде қабылданып, 6 жұмыс күніне созылатын. Қазір мемлекеттік қағида бекітіліп, төрт жұмыс күнге ауыстырылды. Бір қуантатыны, үйде отырып, мемлекеттік актіні рәсімдеуге болатындығы. Ең бастысы Web-камера, компьютер немесе ноутбугыңыз жаныңызда болса жеткілікті. Сондай-ақ әрбір ауылдық округтерде «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» бар.Қызмет алушы аудан орталығына бармай-ақ қызметін ала берсе болады.

- Қағидада мемлекеттік қызмет қағаз және электрондық нұсқада да қабылданады делінсе,қолына құжаттарын арқалап келіп тұрған қызмет алушыға қызмет көрсетіле береді.Ал егер үйде отырып, тапсырыс берсе, электронды рәсімдейді. «Некеге отыру» тек қана электрондық нұсқада, туу туралы куәлік қағаз жүзінде де, электронды түрде де қабылданады.Қайтыс болу туралы анықтама алуды да біртіндеп электрондық нұсқаға көшіріп жатыр,- дейді М.Қанатқызы.

«ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ӘЛІ ДЕ ТӨМЕН»

Төтенше жағдай мезгілінде халыққа цифрлық сауаттылығын амалсыздан арттыруға тура келді. Өйткені, халыққа қызмет көрсету орталықтары есіктерін тарс жауып, тек электронды қызмет алушылардың құжаттарын қабылдай бастады.Маруа Қанатқызының айтуынша, цирфрландыру саласы дамып келе жатса да тұрғындар ХҚКО-ға келіп, қызмет алғанды құп көреді екен.

- Үйде отырып, қызмет алуға болатын болса да, біздің ішке келіп, қызметкермен бетпе-бет отырып, қызмет алу тоқтады деп айта алмаймын. Өйткені, өздерін мазалаған сұрақтарын қызметкерлерге аяқтай келіп жеткізу олар үшін тиімді. Бәріне бірдей топырақ шашпайын, бірақ ауылдық жердегі адамдардың цифрлық сауаттылығы әлі де төмен. Қарапайым, компьютердің «мышкасын» білмей жатады.Біз оларға электронды қызметті қалай алуды емес, компьютерді қалай пайдалану керектігін үйретіп кетеміз, жасыратыны жоқ. Одан кезекте тұрған қаншама адам күтіп қалады. Сондықтан ол кісілердің орнына өзіміз жасап беруге тура келді. Бірақ олай болмайды! «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» болғандықтан қызмет алушы өзі отыруы керек. «Мұны мен білмеймін», «Жасап бер» деп айтып жатады. Біз жасап беруге міндетті емеспіз. Міндетіміз – кеңес беру. Қала мен ауыл халқының сауаттылығы – жер мен көктей,- дейді М.Себекбаева. Осындай жайтты тиімді пайдаланған кей жеке кәсіпкерлер, болмаса жеке адамдар әлеуметтік желіде ЭЦҚ ашуға, қызметтерді алуға көмек беру үшін жұмылды. Әрине, ақылы түрде.

ҚОС ОРГАНМЕН ИНТЕГРАЦИЯ БАЯУ

Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ажар Қабдолованың айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны –21. Оның төртеуі ғана тікелей электронды түрде көрсетіледі. Олардың барлығы да азаматтық хал-актілерін тіркеуге қатысты, яғни неке қию туралы, бала туу туралы, қайталама куәлік беру және қайтыс болғандығы туралы анықтама. Қалған қызмет түрлері ХҚКО арқылы келеді. Айтуынша, жылдан-жылға құжаттар сандық жүйеге көшіп жатса да, кей олқылықтар орын алып отырады екен.

- Әділет органдарымен, миграциямен біздің интеграциямыз кемшін түсіп жатады. Әділет органдарына келер болсақ, мысалы, бұрынғы күйеулерінен алимент алатындардың сол алиментті алғандығы туралы анықтамалары базадан көрінбей жатады. Бұл біздің аталған мекеме арасындағы интеграцияның жоқтығынан.Осы кезде біздер өтініш берушінің өзінен, болмаса алимент төлеушінің жұмыс орнына хат жазу арқылы сұратамыз. Ал жылдың басында көші-қон саласымен байланыста тұрғандарды тіркеу бойынша мәселе туындаған. Қазір ретке келе бастады. «E-Халық»-пен базаға енгізген кезде бір отбасыға басқа бір отбасының адамдары қосылып кеткен,- дейді бөлім басшысы.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Тимур БЕКТҰР, IT сарапшы:

- « Цифрлық Қазақстанның» өз көшінен пропогандасы немесе «ақпараттық дақпырты» алға кетіп қалған. Сол себепті кейбір процестер автоматтандырылып, цифрланып болмай жатып, біздер көп нәрседен үміттеніп кетеміз. Сондықтан да кейбір адамдардың көңілінің толмай, базынасын айтып жатады. «Басқа елдерде дрондар қызмет етіп жатқанда, біздер әлі аяқтай барып жүрміз» деген секілді сындар осы жерден туындайды. Мемлекеттік қызметті цифрландыру жақсы жолға қойылып, халықаралық индекстерде алдыңғы орынды келе жатқанымен ауылшаруашылығы,медицина, білім секілді салаларды цифрландыруға қатысты сол саланың мамандары тарапынан мәселелер айтылып келеді. Тек мемлекеттік қызмет саласын ғана емес, өзге өндірістік салаларды да цифрландыру жайын қарастыратын уақыт келді.

Гүлзира ДЖАПАРОВА,Ақжайық ауылының тұрғыны:

- Ауыл әкімі аппаратында орналасқан «өзіне-өзі қызмет ету бұрышы» ауыл тұрғындары үшін тиімді болып отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ осы жерден ЭЦҚ алу, мемлекеттік қызмет түрлерін алу, түрлі медициналық ұйымдарға тіркелу, балабақша кезегіне тұру секілді қажетті қызмет түрлерін алуға мүмкіндік алып отырмыз. Өткен жылы жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылып, электрондық қызметті санаулы минуттарда алуға мүмкіндік берілді. Арнайы бөлінген маман да қызметті алу бойынша көмегін беріп отырады. Бұл – уақыт пен жол шығынын үнемдеп, оның үстіне цифрлық сауаттылықты арттыруға үлкен мүмкіндік.

Цифрландыру – ел экономикасының дамуына тікелей байланысты сала әрі мемлекеттік маңызды іс. «Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырамын» деген Президенттің айтқанының тез арада орындала қоюы екіталай. Өйткені, қомақты қаражат бөлініп, әр мемлекеттік қызметті автоматтандырса да, әлі де қызметті қағаз түрінде алу үрдісі тоқтар емес. «Көш жүре түзеледі» демей ме, толықтай қағазбастылықтан арылып,мәліметтердің халықтың артынан «зыр жүгіріп» жүрер уақытқа жетерміз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT