Премьер-Министр А.Мамин: «Індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендеді»

Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде кеңес өткізді.

Премьер-Министр Асқар Мамин Президентке 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген.

Сонымен қатар Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа дертке шалдығу және адам өлімі, медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, халықтан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және реанимация палаталарының қажетті дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердегі ахуалға жүргізілген күнделікті мониторинг жайында мәлімет берді.

a

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.

Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті.

Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

akorda.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT