Онлайн құрбандық шалуға тапсырыс 31 шілде, 1 тамыз күндері де қабылданады.
«Бұл туралы онлайн брифингте Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы айтты» деп хабарлайды облыстық коммуникациялар қызметі.
«Атыраулықтар 51 қойға, 6 ешкіге, 40 тоқтыға онлайн түрде тапсырыс беріп отыр. Ал, құрбан малының етін алуға 380 мұқтаж отбасынан өтініш түсті. Құрбан шалу 31 шілде күні Атырау уақытымен сағат 8.00-де басталады. Сонымен бірге, құрбан малын онлайн шалуға тапсырыс qurban2020.kz сайты арқылы 31 шілде, 1 тамыз күндері де қабылданады» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы брифинг барысында.
Бас имам Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, бүгінгі таңда Атырау облысы əкімдігі тарапынан құрылған штабтан тыс, орталық «Иманғали» мешіті тарапынан 12 бригада құрылды. Аталмыш бригада онлайн арқылы берілген тапсырыс аясында құрбан малын союмен айналысады. Және құрбан шалушыларға фото, видео есептер жіберіліп отырады.
Еске сала кету керек, құрбандықты шамасы жеткен адам ғана шалады. Ертең, яғни, 30 шілде арафа күні. Бұл күні мұсылмандар ауыз бекітеді.