Махамбет ауданында қаржылық сауаттылықты арттыру, бизнес жоспарларды жүзеге асыру мен жүргізуге бағытталған «Өз ісіңді баста» атты семинар-тренинг өтті.
Жастар ресурстық орталығында өткен жиынды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Қарағанды қаласындағы филиалының маман-кеңесшісі Ерсұлтан Маханбетов жүргізді. Өзі де «Бизнес-Бастау» кәсіпкерлік мектебінің түлегі.
«Кәсіп – қоғамға пайдалы қызмет ету. Қандай да бір кәсіпті бастамас бұрын ең бірінші сұранысты тексеру керек. Қаражат алып, қарызданып, бизнес ашамын деп жоспарлау – қате түсінік. Ауқымды көлемде қаражат алып, кәсібін бастайтындар бар. Бірақ олардың кәсібі сұранысқа ие болмай немесе өзінің қолынан келмей жатады, ондай кәсіптің ғұмыры да келте болмақ. Кәсіпкерлікте айтарлықтай тәжірибеңіз жоқ болса, бастапқыда аз қаржы кететін кәсіп түрін таңдаңыз. Біліксіз бизнеске соңғы ақшаны салу – ақымақтық»,- дейді бизнес-кеңесші.
Тендерге қалай қатысуға болады, қатыспас бұрын не істеу керек, қандай құжаттар керек. Осы және өзге де тақырыптарды қозғай білді. Қатысушылар тарапынан «Бизнес-Бастау» курсы, жарнама мен қазіргі таңдағы сұранысқа ие кәсіптің түрлеріне қатысты сауалдар қойылып, кеңесші тұшымды жауабын берді. Семинар-тренинг соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ