Қос мереке иесі – Ақжүніс

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дәл осы күні дүние есігін ашқан балаларды іздестірдік. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандарынан білгеніміздей, 2020 жылы 1 маусымда 4 бала, 2021 жылы 2 бала дүниеге келген екен.

Ортақшыл ауылының төл перзенті Ақжүніс Қуаныш Мизамбекқызы үшін бұл күн ең маңызды күндердің бірі. Ол айтулы күні балалар мерекесімен қатар өзінің туған күнін бірге атап өтеді.

– Оқу жылы аяқталып, жазғы каникулдың алғашқы күнін асыға күтемін. Бұл күн мереке әрі менің өмірге келген күнім. Үйдің кенжесі әрі жалғыз қыз болғандықтан алдымдағы үш ағам еркелетіп, сыйлықтарын әкеліп қуантады. Әкем Мизамбек мұнай сала­сында қызмет етсе, анам ауылдық емха­нада фельдшер. Арманым ата-анамның маған артқан сенімін ақтап, болашақта спорт саласында үлкен жетістікке жету, - дейді Ақжүніс.

9 жасар Ақжүніс қазіргі таңда Қосарал орта мектебінің 3 сыныбында оқиды. Кішкентай болса да жан-жақты қырымен танылған шәкірті жайлы ұстазы да ойын білдірді.

caa6c143-b049-481a-b642-fc053eee3005

– Ақжүніс менің балабақшадан бері келе жатқан тәрбиеленушім. Кейін қызмет бабымен мектепке ауысқанда да Ақжүністі 1 сыныпқа қабылдап алған едім. Осылайша, бірнеше жылдар бойына шәкіртіммен байланысымыз жалғасып келеді. Ақжүніс оқу екпіндісі, тіл байлығы зор, қазақ тілімен қатар орыс тілін меңгеру деңгейі де жоғары. Сабақпен қатар, дзюдо, би үйірмесіне қатысып жүрген үлгілі шәкірттерімнің бірі деп мақтанышпен айта аламын, - дейді сынып жетекшісі Аймагүл Нығыметова.

Бос уақытын тиімді өткізу мақсатында үйірмеге қатысу туралы айтқан анасының ұсынысына қызы бірден келіседі. Ауыл мен аудан орталығының арақашықтығына қарамастан бүгінде жас спортшы аудандық балалар- жасөспірімдер спорт мектебіне такси арқылы қатынап, жаттығуда. Ал, сенбі күндері «Нұр-ару» би үйірмесіне барып, би қимылдарын үйренеді.

Кішкентай кейіпкерімізді қос мерекесімен құттықтай отырып, бүгінгі бақытты балалық шағың ертеңгі еліңнің адал азаматы болуға жетелесін деген тілегімізді білдіреміз.

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT