Махамбеттік үшем: Дана, Әдемі және Мерейлі

Осыдан сегіз жыл бұрын Әділбек Кумаров пен Жадыра Есмұханова шаңырағына шаттық сыйлаған үш шақалақ жөнінде сүйінші сұрап газетімізге жазған бола­тынбыз. Содан бері көзді-ашып жұмғанша сегіз жыл зымырап өте шығыпты. «Сол үшем бүгінде қайда жүр?» деген ой оқырмандарымызды да қызықтырары сөзсіз.

2014 жылы шілде айында дүние есігін ашқан Дана, Әдемі, Мерейлі Әділбекқыздары бүгінде – 8 жаста. Олар О.Шонаев атындағы орта мектебінің 2-сы­ныбында білім алуда. Сынып жетекшісі Бағила Есениязова үшеуін бір-бірінен әлі күнге айыра алмай қалатынын айтады.

– Қырық жылдық ұстаздық қызметімде кез келгенге бұйырмайтын үшемдерге жетекшілік ету бақыты маған бұйырыпты. Олардың әкесі Әділбек те менің шәкіртім еді. Сол шәкіртімнің қыздары Дана, Әдемі, Мерейлінің оқу-білімге ынтылары жоғары, алғыр, жаттау қабілеттерімен бірінен бірі оза шауып тұр. Түр-келбеті бір-бірінен айнымай қалған әрі бірдей киінетін үшемдерді әлі күнге айыра алмай қалатыным рас. Сол үшін де үшеуін үш қатарға отырғыздым, - дейді ол.

Дүниеге сәби әкелу – бір бақыт, ал ол үшеу болса ше? Бұл сезімді бізге үшемнің анасы Жадыра Есмұханова әңгімелеп берді.

– Бастапқыда ультрадыбыстық зерт­теу аппараты егізді көрсеткенімен, үшіншісін нақтылай алмады. Кейін үшем екенін естігенде өзіміз де таң қалдық. Мұның өзі бір ерекше дүние ғой. Со­дан біраз уақыт өткен соң алты ай­ында ота жасауға тура келді. Алланың қалауымен үшемнің ата-анасы атандық. Үшеуіне бірдей қарау маған оңайға соқпас еді. Бір сағатқа көмекші берілді. Әрі енемнің, туыстарымның көмегі көп болды. Ай сайынғы дәрігердің қабылдауына баруымыздың өзі қызық. Дәрігердің кезекті бір қабылдауында үшеуінің де ұршығы дамымай қалған, жүрмейді де­ген еді. Бірақ Аллаға шүкір бірінен кейін бірі тіпті, алды жеті айынан бастап жүріп кетті. Үшеуі бірге балабақшаға барды, міне, бүгінде мектеп қабырғасында білім алуда. Үйдің жұмыстарын бөліп алып жа­сайды. Дана атасының жәрдемшісі, бау-бақша жұмыстарын жақсы көреді. Әдемі де тапсырылған жұмысын лезде жасап тастауға тырысады, ал Мерейлі қызымыз екеуіне қарағанда тұйықтау, асықпай өз еркімен жасағанды ұнатады. Кейде үшеуіне бірдей етіп зат алсақ, таласып қалып жатады. Сол үшін есімдерін жа­зып қоюға тура келеді. Бірақ, бір қызығы үшеуінің төсегін бөлек-бөлек салсақ та, бәрібір бір төсекте, бір көрпені жамылып ұйықтайды. Бір-бірінсіз тұра алмайды, өзім де ажыратпауға, көпшілік ортаға апармауға тырысамын. Әр баланың өзіне тән мінез-құлқы болады. Түрлері бір-бірінен айнымағанымен мінездерінде өзгешеліктер бар, - дейді бақытты ана.

6dc0c093-440f-4916-86be-9203fe4603f5

Жадыра Есмұханова он жылдан астам уақыт бойы аудандық Әділет басқармасында еңбек еткен. Бүгінде зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығында мұрағатшы қызметін атқарады. Ал, үйдің отағасы Әділбек «West Dala» мекемесінде жұмыс жасайды. Әлихан және Әмина атты ұл-қызынан кейін өмірге келген үшемнің артынан төрт жылдан соң анасы Айсұлу есімді қыз баланы дүниеге әкеледі. Небәрі отыздан асқан келіншек 6 баланың анасы атанып, 2019 жылы «Күміс алқа» иегері атанды.

Ал Дана, Әдемі, Мерейлінің есімдеріне келсек, оны Әділбектің ағасы Дәмелі атты үлкен әжелерінің алғашқы әріптерімен атауды жөн көріпті. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демекші, шыр етіп дүние есігін ашқан әр сәбидің өз несібесі бар. Десе де, бүгіндей нарық заманында бір емес, үш бірдей сәбиді өсіріп-жетілдірудің өзі оңайға соқпасы анық. Бізде егіздер көп болғанымен, үшемдердің дүниеге келуі си­рек кездесетін жағдай емес пе?!

 

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT