Ортақ мүдде жолындамыз

Адам бар жерде тұрмыстық түйіткілдің тумауы мүмкін емес. Сол себепті жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.

Ата-бабамыз қысылтаяң шақта қашанда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Осындай қағиданы ұстанып, адам тағдырын ұлыс тағдырымен тығыз байланыстырған халқымыз қашанда кім-кімге де көмек қолын соза білген.

         Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық- деген болатын.

         Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Асқаладар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту және отбасылық құндылықтарды насихаттау болып табылады.

         Міне, осындай «Ақсақалдар кеңесі» Махамбет ауданында аудан әкімінің өкімімен мамыр айында құрылды.

         Бұл ретте дәстүрлі, рухани, отбасылық құндылықтарды, құқықтық сананы, мәдениетті және т.б. тәрбиелену мен қалыптастыру процесіне бағдарланған іс-шаралар жоспарланды.

Ақсақалдар кеңесі қызметінің негізгі басымдықтары қоғамдағы тұрақтылықты, бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған қызмет етуді бастады. Иә, қазақтың ана тілі ардақталуы, ұлттық мүдесіне басымдық берілуі керек, бірақ, ол үшін ортақ тағдыр табыстырған өзге халықтарға қырын қараудың қажеті жоқ.

Бұл біздің тарихымыз, сана-сезіміміз. Бізбен бір нанды бөліп жеген, елімізге, жерімізге еңбегі сіңген өзге ұлт өкілдері жайлы білеміз. Бүгінде ауданымызда 19 ұлттың өкілдері қоян-қолтық еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Сондықтан, тарихымызды сыйлайық, қол жеткен жетістіктерімізді бағалап, әрі қарай дамыта берейік. Аудандық Ақсақалдар кеңесі де игі бастамалардың, береке мен бірліктің ұйытқысы ретінде жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді, қазақстандық патриотизмді насихаттауға бағытталған жобаларға үнемі мұрындық болатынына сенімдімін.

         Қоғамның өркендеуі мен дамуына қай ел болса да ұмтылып, дүрмектен қалғысы келмейді. Демек, ендігі жерде Президент Жолдауының толық қуатталып, ел ішінде насихатталуына жәрдемдесе отырып, ортақ мүдде тәуелсіз қазақ елінің баянды болашағы үшін жұмыс жасау  - біздің әрбіріміздің азаматтық парызымыз.

 

С.Жайлашев

 Махамбет аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

        

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT