Аудандық Пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған 16 адам "Бизнес - бастауда" оқып шықты.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ҚАЖ Комитетінің 19 наурыз 2018 жылғы №30-16-292-546 нұсқауына, 2018 жылғы 6 наурызындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің өткізілген жедел кеңесінің 5 тармағына сәйкес, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен Президенттің «Шағын несиелендіруді кеңейту» бастамасын орындауда, пробация қызметінің есебіндегі тұлғаларға қатысты жеке бизнесін дамыту мақсатында шағын несие алуды қарастыру жөнінде нұсқауына байланысты, Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Махамбет аудандық Пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған сотталғандарға шағын бизнес бастауға несие беру мәселесін қарастыру мақсатында үстіміздегі жылдың шілде айында аудандық Пробация қызметі бөлімшесі есебінде тұрған 16 адам «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Махамбет аудандық филиалында «Бизнес-бастауда» оқып шықты.
Бірақ олардың несие алуына кепілдіктің (залог) болмауы кедергі туғызуда. Ал кепілдіксіз несие берілмейді. Сотталғандармен «Бизнес-бастауды» Атырау қаласынан келген тренер Б.Мурзагалиев оқытып, ең алғаш бизнесті қалай бастау керектігін үйрете білді.
Соңғы кездері елімізде жеке кәсіп ашып, отбасын асырауды мақсат тұтқан адамдарға бар жағдай жасалып жатқанын, бірнеше бағдарламалар барын, осы «Бизнес-бастауда» оқығандар несие алып, оған құрал-жабдықтар алып, кәсібін дөңгеленіп отырғандарын айтты. Ол 16 адамға сертификат тапсырды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша Атырау қаласынан келген бизнес-тренер Б.Мурзагалиев Махамбет аудандық Пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған сотталғандарға Елбасы тапсырмасымен кәсібін ашқысы келгендерге, әртүрлі жоба-бағдарламаларға, атап айтсақ, құрылыс, тігін, мал шаруашылығы, егін, жолаушылар қатысуға тасымалдау болатынын қаперге берді. Қазіргі уақытта сотталғандардың кәсіп ашуға ниеті бар. Алайда кәсіп ашу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қию міндетті болғандықтан сотталғандардың жылжымайтын мүлік болмауына байланысты кәсіп ашу мүмкіндік болмай тұр.
Кәсіптің нәсібін көргенге не жетсін. Әркім жұмыс істеп, отбасын асырау керек. Бұрын жаза басып, істі болғандар екінші рет қателеспеуі үшін табыс тауып, жұмыс істегені дұрыс. Жұмыссыз әр істің басын бір шалып, құр сенделіп жүрген адам бірдеңеге ұрынбасына кім кепіл?
Сондықтан сотталғандардың тұрақты жұмыс тауып, немесе өз ісін ашқаны жөн. Жеке кәсібін ашып отырғандар қаншама. Ешнәрсе оңай өздігінен келмейді. Іздемесе, жұмыс та жоқ. Тапқан жұмысты місе тұтпай, «жалақысы аз» деп оған кірмейтіндер де бар арамызда. Қашанда Пробация қызметі сотталғандардың өмірден өз жолын табуына көмектеседі.
А.Молдашева, Махамбет аудандық
Пробация қызметі бөлімшесінің
инспекторы, әділет аға лейтенанты