Мұнайдан – топыраққа: Қазақстанның «тыныш азық-түлік дипломатиясы» бөлшектенген әлемді қалай тұрақтандыра алады

XXI ғасырда жаһандық бәсекелестік тек мұнай мен газды ғана қамтымайды — енді алдыңғы қатарға бидай, су және климат мәселелері шығып отыр, деп атап өтті Айдарбек Ходжанаазаров Eureporter сайтына берген сұхбатында.

Әлемдік азық-түлік жүйесі бұрын-соңды болмаған қысымға тап болды: қақтығыстар, климаттың өзгеруі және жеткізу тізбектеріндегі үзілістер азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін рекордтық көрсеткіштерге жеткізді. ФАО деректері бойынша, 2023 жылы әлемде 733 миллион адам аштық көрген, ал 2050 жылға қарай азық-түлік өндірісі жаһандық сұранысты қамтамасыз ету үшін кем дегенде 60%-ға өсуі тиіс. Бұл енді тек гуманитарлық емес, геосаяси мәселе. Азық-түлік — жаңа мұнайға айналуда.

 

Бүгінде Қазақстан өзін дабырасыз, бірақ сенімді түрде азық-түлікпен қамтамасыз ететін бейтарап әрі іскер ел ретінде көрсетіп келеді. Бұрын тек құрлықпен ғана байланысы бар мемлекет болса, енді азық-түлік тасымалдайтын маңызды орталыққа айналып, әлемдегі азық-түлік тапшылығын азайтуға үлес қосып жатыр.

Ел дамудың жаңа кезеңіне енуде

180 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 75%-дан астамы өңдеуге жарамды Қазақстан – аграрлық әлеуеті жағынан әлемдегі ең бай елдердің бірі. Ел әлемдегі ең ірі 10 бидай экспорттаушы мемлекеттің қатарына енеді және 2023 жылы 9,2 млн тонна астық экспорттаған. Ұн экспорты 20%-ға өсті, ал майлы дақылдарды өңдеу $400 млн табыс әкелді.

Алайда, Қазақстан тек шикізат экспортымен шектелмей, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісіне бет бұрып отыр. Агробизнесті жүйелі трансформациялауға қажетті институционалдық база қалыптасуда.

2024 жылы ауыл шаруашылығына мемлекеттік инвестициялар $500 млн-нан асты – бұл сомаға субсидиялар, ирригацияны дамыту, салықтық жеңілдіктер мен цифрлық мониторинг жүйелері кіреді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, негізгі өңірлердегі орташа өнімділік соңғы он жылда 15%-ға өскен. Сонымен қатар, ұлттық астық қоры жүйесі мен сатып алу тетіктері фермер табысын арттырып, нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде.

Қазақстанның азық-түлік арқылы байланыс орнатуы

 Басқа елдер ауқымды дипломатияға сүйеніп жатқанда, Қазақстан өз жолын – прагматизмге, орнықтылыққа және логистикалық икемділікке негізделген «тыныш дипломатияны» таңдауда.

2024 жылы Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымы (IOFS) жасаған астық сатып алулардың үштен бірін қамтамасыз етті. Бұл негізінен ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы жүзеге асты және елге $400 млн-нан астам пайда әкелді. Бұл Қазақстанды жай ғана сатушы емес, мұсылман әлемінің азық-түлік резервтерінің стратегиялық кепіліне айналдырады.

Бұл – кездейсоқ емес. Қазақстан БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО), Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен (WFP) және Ислам даму банкімен тығыз байланыс орнатып, ашық әрі орнықты жаһандық азық-түлік жүйелерін құруға бағытталған бастамаларға белсенді атсалысуда. Елдің ішкі саясатында аграрлық сектор экономикалық тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде анықталған.

Қазіргі таңда соғыс пен сенімсіздік жайлаған әлемде Қазақстан өз ықпалын тыныш әрі сабырлы жолмен күшейтіп келеді. Қазақ елінен шыққан астық тиелген контейнерлер Карачи не Дубайға жеткенше шөлдер мен қиындаған жолдарды артта қалдырып, үзіліп қалған нарықтарды қайта байланыстыруға көмектесіп жатыр. Бұрын екінші кезекте болған бұл бағыттар жаһандық орнықтылықтың жаңа күретамырына айналуда.

Президенттің бағыты және Еуропамен үндестік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында агробизнесті ел дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде айқындады. Бұл Қазақстанның даму бағытының өзгеруін айқын көрсетеді: мақсат – тек ірі астық экспорттаушы ел болу емес, сондай-ақ өңдеу саласын дамыту.

Фермерлерге қолдау көрсету, ирригация мен цифрландыруға инвестиция тарту, экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету — бұл бағыттар Еуропалық жасыл келісімнің (Green Deal) қағидаттарымен үндесіп, Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа серіктестік мүмкіндіктерін ашады.

Неліктен дәл Қазақстан?

Сұрақ тууы мүмкін: неліктен Қазақстан, неге Австралия немесе Канада емес? Бұл сұраққа жауап – Қазақстанның географиялық орналасуында, бейтарап саяси ұстанымында және тез бейімделе алатын икемділігінде.

География:

Қазақстан теңізге тікелей шыға алмаса да, өте тиімді жерде орналасқан. Ол Орталық Азияны, Қытайды және Таяу Шығысты жалғайтын маңызды көпір іспетті. Ел Транскаспий дәлізінің негізгі бөлігі саналады — бұл Қара теңіз бағытына балама жол. 2024 жылы Қытайдың Синьцзян аймағына экспорт 60%-ға артса, Иран арқылы Қазақстанға Үндістан мен Пәкістан нарықтарына шығуға мүмкіндік туды.

Бейтараптық:

Қазақстанның сыртқы саясаты сабырлы, теңгерімді және жанжалдан алыс. Мысалы, Австралия мен Канада түрлі саяси одақтарға тартылып жатса, Қазақстан ешкімге қарсы емес, бейтарап әрі сенімді серіктес ретінде танылып келеді.

Икемділік:

Қазақстан өзгерістерге тез бейімделе алады. Бұрынғы кеңестік жүйелер – мысалы, мемлекеттік сатып алу агенттіктері – қазір нарықты тұрақтандыратын тиімді құралға айналды. Фермерлер өнімін әділ бағаға сата алады, ал шетелдік сатып алушылар тұрақты жеткізілімге сенеді.

Маңызды ескерту:

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) дерегіне сүйенсек, азық-түлік саясатын ашық жүргізіп, экспортты шектемейтін елдер болашақта ең сенімді сауда серіктестеріне айналады. Қазақстан дәл осы бағытта табанды түрде алға жылжып келеді.

Инфрақұрылым: қиындық па, серпіліс пе?

Қазақстанның логистикалық әлеуеті жоғары, алайда инфрақұрылымдық шектеулер бар. Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілеті жылына 3 млн тонна, ал сұраныс 7 млн тоннадан асады. Транскаспий арқылы тасымалдау құны тоннасына $80 жетеді, бұл қазақстандық астықты ресейлік және түрік өнімдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз етеді.

Дегенмен, бұл салаға инвестиция салу үлкен серпіліс бере алады. Сарапшылардың пікірінше, $700 млн инвестиция $500 млн жылдық табыс әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, климаттың тұрақсыздығы кейбір жылдары өнімнің 10%-ға дейін жоғалуына себеп болады. Бұл егін сақтандыру және баға тұрақтандыру қорларын құру қажеттігін көрсетеді – қазіргі таңда бұл тетіктер әзірленуде.

Ұзақмерзімді стратегия

Қазақстанның аграрлық өрлеуі – қысқа мерзімді науқан емес, ұзақмерзімді стратегия. Ел Еуроодақ, Қытай және Ислам ынтымақтастығы ұйымы платформаларымен терең интеграциялануда. Егер инвестициялар мен инфрақұрылымдық жаңғырту жүйелі түрде жалғаса берсе, Қазақстан Еуразиядағы азық-түлік тарату бойынша маңызды логистикалық хабқа айнала алады.

Қорытынды:

Бүгінгі бөлшектенген, тұрақсыз әлемде және азық-түлік жетіспеушілігі үдеп жатқан кезде Қазақстан тек астық жеткізуші ел емес, сонымен бірге тұрақтылық әкелетін маңызды күшке айналып отыр.

Елдің «тыныш азық-түлік дипломатиясы» — орташа мемлекеттер де жаһандық ықпалын дау-дамайсыз, сенімді әрекеттер арқылы күшейте алатынын дәлелдейді.

Жаңа кезеңде, астық мұнайдан да маңызды бола бастаған шақта, Қазақстанның әрекеттері мен дамуын жіті назарда ұстау қажет.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT