Үміт пен қайсарлықтың мекені

Былтыр Атырау қаласындағы «Маленькая страна» әлеуметтік жобасы аясында 225-тен астам бенефициарға кешенді қызмет көрсетілді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған бірегей экожүйе ретінде қалыптасып отыр. Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын орталықта халықаралық деңгейдегі мамандардан құралған команда жұмыс істейді. Жоба автономды энергетика жүйесімен жабдықталған және әлеуметтік кәсіпкерлік қағидаттарына негізделген тұрақты даму моделін ұстанады. Бұл туралы жоба өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

– Біз үшін адам саулығы қашан да маңызды. Осы орайда оңалту жұмыстары – формалды шара емес, ол – тағдырға араша түсу, үмітті қайта жағу. Әр бала мен әр отбасының артында үлкен алаңдаушылық пен жауапкершілік бар. Сондықтан біз тек әдістеме ұсынбаймыз, біз қолдау мәдениетін қалыптастырамыз, – деді жобаның негізін қалаушы Ерлан Күмісқалиев.

986c9e66 0740 495c bd30 5d8016f2d7c6

Жоба жетекшісінің айтуынша, орталықтағы оңалту үдерісі тек дәстүрлі медициналық қызмет көрсетумен шектелмейді. Мұнда табиғи әдістерге негізделген кешенді бағдарламалар жүйелі түрде іске асырылады. Атап айтқанда, иппотерапия, канистерапия, фелинотерапия, орнитотерапия және табиғи қалпына келтіру тәжірибелері кеңінен қолданылады. Жануарлармен терапия және табиғи ортада ұйымдастырылатын сабақтар балалардың сенсорлық қабылдауын жетілдіріп, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруға, сондай-ақ психоэмоциялық тұрақтылығын нығайтуға оң әсерін тигізіп келеді.

dddb916a d2f0 40dd ac32 7cc5f2d1312b

Жоба шеңберінде қолдау тек балалармен шектелмейді. Оңалту үдерісіне ата-аналар да кірістіріліп, кешенді сүйемелдеумен қамтылады. Мамандар отбасы мүшелеріне күтім жасау тәсілдерін, әлеуметтік бейімдеу жолдарын және тұрмыстық дағдыларды үйретеді. Нәтижесінде ата-аналар баласының дамуына саналы түрде араласып, оңалтудың толыққанды серіктесіне айналады. Мұндай жүйелі тәсіл ұзақмерзімді әлеуметтік тиімділікке қол жеткізуге және отбасының жалпы өмір сапасын арттыруға негіз қалайды.

f0a9a75b b4ad 4fcc 8a79 79fa23b4ccad

Мұндай жүйелі тәсіл жобаның ауқымын кеңейтіп, оның тиімді моделін бір орталық шеңберінен шығуға мүмкіндік берді. Бүгінде «Маленькая страна» тек өз базасында қызмет көрсетіп қана қоймай, бірнеше ауданға әдістемелік сүйемелдеу ұсынып отыр. Серіктес қорлар арқылы жүздеген жанама бенефициар қамтылып, жергілікті ұйымдарға кәсіби оқыту мен тұрақты консультациялық қолдау ұйымдастырылған. Нәтижесінде әлеуметтік көмектің орнықты, тәжірибеде дәлелденген әрі өзге өңірлерге бейімдеуге болатын тиімді моделі қалыптасып келеді.

Брифинг барысында басым бағыттардың бірі ретінде параспортшыларды қолдау мәселесі кеңінен сөз болды. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар кешенді физикалық оңалтудан өтіп, иппотерапия арқылы қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіреді, сондай-ақ жарақаттан кейінгі қалпына келтіру және психологиялық сүйемелдеумен қамтылады. Мұндай жүйелі дайындық өз нәтижесін беріп отыр: бүгінде жоба қамқорлығындағы спортшылардың арасында өңірлік және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

– Параспорт – ең алдымен адамның ішкі қайсарлығы мен өмірге деген жігерін айқындайтын сала. Біз параспортшыларға тек жаттығу алаңын ғана емес, сенім мен қолдау ортасын ұсынамыз. Адам өз мүмкіндігін сезініп, өзіне сенген кезде ғана шынайы биіктерді бағындыра алады. Сондықтан бұл бағыт жобамыз үшін стратегиялық маңызға ие, – деді жоба жетекшісі.

Осы бағыттағы бастамалардың табысты жүзеге асуына серіктестердің қолдауы да елеулі үлес қосып отыр. Жиында әлеуметтік жауапкершілік аясында жобаны тұрақты қолдаған барлық серіктеске алғыс білдіріліп, олардың көмегі жобаның ауқымын кеңейтіп, параспортшыларға арналған оңалту және дайындық мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатыны атап өтілді.

«Маленькая страна» әлеуметтік жобасы өңірде ғана емес, республикалық деңгейде де өз беделін танытып отыр. Жоба қоғам мен кәсіби қауым тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Орталық “Алтын жүрек” сыйлығының лауреаты атанып, халықаралық Reach for Change бағдарламасының қолдауына ие болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары мен ұлттық сыйлықтарымен марапатталды. 2025 жылы бастама еліміздегі үздік әлеуметтік жобаларды топтастырған «Үлкен мұнай» жинағына енгізіліп, жобаның ашықтығы мен нақты нәтижелерінің айқын көрсеткіші ретінде танылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, жобаның өңір үшін әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті.

f3747f0c 71cd 4965 b120 d9ed9651b145

– Бұл жоба әлеуметтік қолдаудың тұрақты моделін қалыптастырып, оны бірнеше ауданға тарату арқылы үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті қажет етеді. Осындай қоғамдық ұйымның арқасында өмірде қиындыққа ұшыраған жандар нақты қолдау көріп отыр. Әкімдік тарапынан мұндай әлеуметтік маңызы бар бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіледі, – деді Дарын Дүйсембайұлы.

Брифинг барысында «Маленькая страна» жобасының 2026-2028 жылдарға арналған даму стратегиясы да таныстырылды. Алдағы кезеңге жоспарланған басты бағыттар қатарында инфрақұрылымды кеңейту, жаңа мамандарды даярлау, серіктестік желіні ұлғайту, тұрақты қаржыландыру модельдерін жетілдіру және әзірленген әдістемелерді өзге өңірлерге енгізу бар.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT