Мемлекеттік қызметші әдебіне селкеу түсірмеу қажет

Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен қоғамда өзін ұстауы әрқашанда алғашқы орында тұруы керек.

Елдің алдындағы зор жауапкершілік пен халықтың сенімі –үлкен еңбек пен тиянақтылықты әрі тынымсыз қызметтің жемісі. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап пен жүктелетін міндеттің жүгі қашанда ауыр әрі қатаң. Тәртіпке бағынып, адамгершілік принциптерін биік ұстайтын, елдің қамы үшін қандай игілікті қызмет көрсете аламын деп мақсат ететін, айналасына үлгі бола алатын қызметкер ғана мемлекеттік қызметті абыроймен алып жүре алады деп есептейміз.

Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деген болатын. Міне, осы тұста айтарымыз мемлекеттік қызметшінің әдебі мен қоғамда өзін ұстауы әрқашанда алғашқы орында тұруы қажет. Өйткені, кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді.

Қазіргі заман талабына да сәйкес, мемлекеттік қызметшілер тек қана қоғам мен қызметтегі әдебінен бөлек, әлеуметтік желідегі де әдебін бұзбағаны абзал. Өйткені, халықтың әлеуметтік желідегі белсенділігі жоғары. Тіпті ғаламтор бетін ашсаңыз, белгілі бір сала мамандарының қызметін асыра пайдаланған сәтінен, бейәдеп, дөрекі қылық көрсеткен сәтінен үзінді бейнежазбаларды топтап көруге болады. Бұл орайда, мемлекеттік қызметші барынша абай болғаны жөн. Өзі басқан әр қадамды жауапкершілікпен әрі одан туындайтын салдарды алдын-ала ой сүзгісінен өткізіп саралағаны дұрыс. Себебі, ол теріс қылығын тарату арқылы халық алдында мемлекеттік қызметтің мәртебесіне нұқсан келтіреді, ел сеніміне селкеу түсіруі мүмкін.

«Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан, біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады»,-деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөздерін өзімізге басты қағида ету біраз мәселенің бетін қайтарары сөзсіз.

Сапарбай ҚУАНЫШЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Атырау облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT