Мемлекеттік қызметшіге қойылатын ең басты талап – мемлекет пен халық мүддесінің алдында тікелей жауаптылық. Жауапкершілік болған жағдайда ғана заң мемлекетке қызмет етіп, халықтың билікке деген сенімін арттырып, мемлекет пен халықты біріктіреді.
Еліміз өз Тәуелсіздігін алған уақыттан бастап еркін дамудың жолын іздеп, өзінің стратегиялық өркендеу жолын анықтады. Енді озық кеткен отыз елдің қатарын иемденуді алға қойды. Елбасы мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызы, оны осы заман талаптарына сай жетілдіру мәселесін айрықша атап көрсетті.
Біздің алдымызда азаматтардың сұранысына бағытталған тиімді мемлекеттік қызметшілердің корпусын қалыптастыру бойынша маңызды тапсырмалар тұр. Елбасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілген болатын. Мемлекеттік қызмет саласына бірқатар өзерістер енгізіліп, бүгінгі таңда айтарлықтай жұмыстар жүргізілді.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді.
2019 жылдың 26 қарашасында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң қабылданып, Президентпен қол қойылып, күшіне енді. Бір қатар оның ішінде, «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енгізілген өзгерістердің қатарында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту көзделген.
Аталған өзгерістермен бағынысты қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін саяси қызметшілердің отставкаға беру міндеті және бірінші басшылар мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларының тәртіптік жауаптылықта болуы бойынша заңнамалық түзетулер енгізілді.
Сонымен қатар, жауаптылықта болу квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына да қолданылады.
Бұл ретте, бағынысты қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған жағдайда саяси мемлекеттік қызметшілер тағайындалған уақыттан бастап үш ай өткеннен кейін отставкаға береді.
Отставкаға беруге бағынысты қызметкерлермен жасалған қылмысы бойынша енген сот үкімі негіз болып табылады. Отставкаға берген кезде саяси қызметшінің кінәсінің болуы немесе болмауы маңызды болып табылмайды.
«ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі мәселелері 2019 жылғы 10 желтоқсанда қоданысқа енгізілуіне орай, бағынысты қызметкерлермен сыбайлас жемқорлық қылмысы осы мерзімнен кейін жасалған жағдайда саяси мемлекеттік қызметшілерге қолданылады.
Саяси мемлекеттік қызметшілермен соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін немесе сот әлде қылмыстық қудалау органы қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде отставкаға өтініш береді.
Заң талаптарының уақтылы және толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жоғарғы сот, бас прокуратура және сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, тиісті іс-қимыл алгоритм әзірленді. Аталған алгоритмге сәйкес мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің лауазымды тұлғаларына қатысты тоқтатылған қылмыстық істердің және заңды күшіне енген айыптау үкімдеріне мониторинг жүргізілуде. Осы бағытта мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелді.
Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшіге оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша жоғарылатуға тыйым салынды.
Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін күшейту арқылы мансаптық жоғарылауына шектеу болады.
Динара Курумбаева,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша
департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы