Тіршіліктің бірден-бір көзі – таза ауыз су халық үшін ең бірінші қажеттілік екені белгілі.
«Ақбұлақ » бағдарламасы іске қосылғалы аудан орталығы ғана емес, ауылдық округтерге де таза су жетіп, көп жылдардан бері уақытпен жүретін суға тәуелді болып келген ауыл халқының арманы орындалды. Әр ауылда бір-бірден су тазарту қондырғысы орнатылып, сенімгерлік басқаруға берілді. Алайда, тұрғындарға ауыз су уақытында беріліп отырғанымен,осы ауыз суды жеткізуді міндетіне алған жеке кәсіпкерлер үшін қиындық туындауда. Оның себебі – суға берілетін тарифтің төмендігі. Тариф төмендеген сайын кәсіпкерлердің кірісінен шығыны көбейіп, халық тарапынан суға төленетін қызмет ақысы да, үкіметтен берілетін субсидия да өзін-өзі ақтамай отырған жайы бар.
КІРІСТЕН ШЫҒЫН КӨП
Бұл мәселе туралы аудан әкімінің орынбасары Зұлқарнай Мұқаш былай дейді: - Атырау облысы бойынша Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандары Маңғыстау магистральды құбырына қосылған. Мақат ауданы суды Атыраудан алады. Жайықтан су тартып отырған тек Индер мен Махамбет ауданы. Бізде барлық су тазарту қондырғылары сенімгерлік басқаруға берілген. Аудан орталығында екі су тазарту қондырғысы бар. Ал ауылдық округтерде бір-бірден орналасқан.Махамбет ауылы мен Алға ауылдық округі ИП «Гумаровтың» сенімгерлік басқаруында.
Кәсіпкерлер үшін қазіргі таңда қиындық тудырып отырған мәселе тарифтің төмендігі болып отыр. Мәселен, Есбол ауылында 1 текше метр судың тарифы 77 теңге болса, Бейбарыс ауылы бойынша 37, Талдыкөл ауылында 58, Ақтоғай ауылында 60, Сарытоғай ауылында 66 теңге, Ақжайық ауылында 35 теңге болып бекітілген. Еңбекшіл ауылы бұрын суды көлден алатын. Көлдің суы көгеріп кеткен соң уақытша Тереңөзек каналына ауыстырдық.Енді Жайықтан алу үшін жоба жасалып жатыр.
Көріп отырғаныңыздай, тарифтің ешқайсысы 100 теңгеге жетпейді.Осы ауылдардың тек бесеуі ғана субсидия алады. Бекітілген тариф бойынша 30 теңгесін халық төлейді, қалғаны үкіметтен берілетін субсидия арқылы төленеді. Бірақ субсидия мен тұрғындардан жиналатын қаржыны қосқанның өзінде кәсіпкердің шығынын өтей алмай отыр.
Су тазарту үшін міндетті түрде каогулянт және түрлі тұздар алыну керек. Дезинфекция жасалуы тиісті.Лабораториядан өткізуі міндетті.Бұған қоса газ бен жарыққа төлейтін коммуналдық қызмет ақысы бар. Жайықтан су айдалған кезде тұрғындар құдықтарына 1-2 айлық суын толтырып алады да, айырып тастайды. Қыс кезінде су қозғалыссыз тұрғандықтан бірінші су көтерме жүйесі қатып қалады. Сондықтан операторларға күнде кешке жүйені судан босатуға тура келеді. Таңғы сағат 6-да келіп, қайтадан қосады. Қатқан жерін ерітеді. Тоқтаусыз айналып тұрса, мұндай мәселе туындамас еді. Бұл жерде еңбек етіп жүрген адамдардың еңбектерін ерлік деуге болады.
Каогулянт (сульфат, алюмини, аквааурат) дегеніміз – судағы лайды біріктіретін тұз. Оның көмегімен лай бірігіп, ірі кесекке айналады да, фильтрден өтпей тұрып қалады. Ол болмаса фильтрдің өзі лайды ұстап қала алмайды. Сондықтан каогулянт міндетті түрде керек. Тек 10 мың халқы бар Махамбеттің №1 су тазарту қондырғысының өзіне 1 айға 1200 кг каогулянт жұмсалады. Есбол ауылында 1 адам оператордың, лаборанттың, күзетшінің, кассирдің жұмысын бір өзі жасайды.
Кірісі шығынын өтемегендіктен толыққанды қызметкерлер алып, жалақысын төлеу қиындық тудырып отыр. Мәселен, бір темірді дәнекерлету үшін ауылдағы бір дәнекерлеушіден көмек сұрайды. Ол адам ешқандай счет фактура бермейтіні белгілі. Тарифті қорғау үшін антимонополиялық комитетке барған кезде қолында құжат болмағаннан кейін дәлелдей алмайды. Дәлелдей алмаған соң ол жердегі мамандар шығынды есептемей алып тастайды. Бұл тарифті өсіруге кедергісін келтіреді. Бұлай жалғаса берсе, кәсіпкерлер су тазарту қондырғысын сенімгерлік басқаруға алудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан тарифті көтеру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр .
КӘСІПКЕРЛЕР КОНКУРСҚА ТҮСПЕЙДІ
Есбол ауылдық округінің әкімі Мереке Әділғалиев Ортақшыл ауылының су тазарту қондырғысын сенімгерлік басқаруға беру үшін 5 рет конкурс өткізгенімен ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмей отырғанын айтады. Бәрінің айтатыны судың тарифі төмен, пайда жоқ,шығын көп деген бір сөз көрінеді.
- Қазір ИП «Жомарт » деген кәсіпкерге уақытша өтініш айтып,жасатқызып отырмыз. Ауылдың водовозы бар адамдары су тазарту қондырғысынан 1000 теңгеден сатып алып, халыққа 2000-2500 жарымнан сатып жүр. Осыдан түскен қаржы тек электр энергиясы мен газды төлеуге кетіп отыр. Бұдан өзге шығындары да жетерлік, –дейді ауыл әкімі.
Осы округке қарасты Есбол және Еңбекшіл ауылдарын сумен қамтып отырған жеке кәсіпкер Батырбек Шалапи өткен жылы су тарифі 100 теңге болған болса, биыл 77 теңгеге түсіріп тастағанын жеткізді.
-Талап бойынша менің қарамағымда электрик, оператор, есепші секілді мамандар болуы керек. Бірақ оларға жалақы төлей алмағандықтан өзім атқарып жүрмін. Менің мақсатым – төрт адамның жұмысын өзім а т қ а р ы п , ү н е м ж а с а п , б а с қ а шығындарды жабу болып табылады. Алайда, антимонополиялық комитетке тарифті қорғау үшін барған кезде олар мұны есепке алмайды. Олардың бекіткен құжаттары бойынша қыметкерлерге 50 мың жалақы төленуі керек. Ауылда 50 мыңға ешкім келгісі келмейді. Күнімен, түнімен жүретін жұмыс болған соң кем дегенде 150 мың жалақы сұрайды. Менің ойымша тариф бекітуге жауапты мекеме өздері келіп, тексеріп қарап, шығынды есептеп стандартты тариф енгізген дұрыс сияқты. Болмаса бәрімізді бір орталыққа бағындыру қажет. Бір орталыққа бағындырса, маған тек жалақымды төлеп отырса, еш алаңсыз жұмыс жасар едім, – дейді Батырбек аға.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Алмагүл ЕРЖІГІТҚЫЗЫ, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы:
-Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдайға байланысты COVID-19-дың халық пен бизнестің кірістеріне теріс әсер етуі, халық үшін тарифтердің өсуі іскерлік белсенділікке теріс әсер етеді және қосымша әлеуметтік шиеленісті тудыруы мүмкін.
Бұл ретте, Департаментпен субъектінің тарифті бекітуге арналған өтінімін алған кезден бастап, табиғи монополия саласындағы заң нормаларына сәйкес реттеліп, көрсетілетін қызметті ұсынуға арналған шығыстардың дұрыстығына талдау жүргізеді.
Талдау нәтижесінде, Департаментпен шығыстардың баптары бойынша негіздейтін материалдардың шеңберінде негізделген тариф бекітіледі.
Сондай-ақ Департамент коммуналдық қызметтерге ұсынылған тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермейді.
ТҮЙІН
Өзіміз секілді Жайықтан су тартатын көршілес Индер ауданындағы «Индер су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Шалқар Алмурзиевтің айтуынша, аудан орталығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны да, ауылдық округтеріндегі сенімгерлік басқаруға алып отырған жеке кәсіпкерлер де уақытында тарифтерін қорғап, қызметкерлерін жұмыспен қамтып, сәтті жұмыс жасап отырған көрінеді. «Ең бастысы – тарифті қорғауға барғанда экономист маман шығынды дұрыстап есептеп беруі керек. Сонда тарифті қорғаудың қиындығы болмайды» дейді ол. Жоғарыда жазылған жайттарды зерделей келе, мақаланы түйіндесек, біріншіден – біздің кәсіпкерлерге тарифті дұрыс қорғай алуы үшін мықты экономист пен заңгердің кеңесі мен қолдауы қажет. Екіншіден – энергетика министрлігі суға бекітілетін тарифті көтеруге мүдделі болуы керек. Бұған қоса тариф көтерілген жағдайда халықтың қалтасына қиын соқпас үшін кәсіпкерлерге субсидия беру мәселесі де уақытымен шешімін тауып отыруы қажет. Махамбеттік жеке кәсіпкерлердің жанайқайына тиісті орындар құлақ түреді деп сенім артамыз.
Баян СҮЙЕУОВА