Көздіқара мен Еңбекшілден медициналық пункт ашылмақ

Махамбет ауданының Көздіқара, Еңбекшіл ауылдарындағы  медициналық пункт қыркүйекте пайдалануға беріледі. Бұл туралы Атырау облысы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аталған екі ауыл бойынша да 25 орындық медициналық пукнттің құрылыс жұмыстары қараша айында басталған. Аяқталу мерзімі қыркүйек айына жоспарланып отыр.

— Тапсырыс беруші – «Атырау облысының құрылыс басқармасы» ММ. Бас мердігер «Иман» ЖШС. Нысанның жалпы ауданы – 266,35 м2. Медициналық орталық ғимаратында вакцинация және емдеу бөлмелері, мейірбике мен дәрігерлер бөлмесі, акушер кабинеті, сынама алу және зерттеу бөлмесі, дезинфекциялық заттарды дайындауға және сақтауға арналған бөлме, дәріхана және холл қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген,- деді Н.Құсайынов. 

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, дәл осындай медициналық пункт Қызылқоға ауданы, Жамбыл округіне қарасты Айдын ауылында да салынуда. Оның да пайдалануға беру уақыты қыркүйек айы. 

Айта кетейік, Махамбет ауданының Көздіқара ауылында халық саны – 164 болса, Еңбекшілде – 285, ал Қызылқоға ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Айдын ауылында – 41.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT