Мәслихат жаңа депутатпен толықты

Жуырда аудандық мәслихаттың кезекті 23-сессия отырысында 2019 жылғы 14 қаңтардағы №311 «Президентті, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ететін № 215-234 учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарын сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы айтылды.


Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шотпақов Сағынғали Нысанбайұлы өз хабарламасында аудандық мәслихат депутаттарының құрамы жаңа адаммен толығатынын айтты. 2019 жылғы Праймериз қорытындысы бойынша «Аманат» партиясының резервтік құрамында болған «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Сүйеуова Баян Сүлейменқызының мандаттығын жиынға қатысушы депутаттар бірауыздан қолдап, арнайы куәлік пен төсбелгі табыс етілді.
Сүйеуова Баян Сүлейменқызы 1983 жылдың 28 қарашасында Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау селосында дүниеге келген. 1989-2000 жылдар аралығында Аққыстау орта мектебінде оқыған. 2002-2006 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алған.
Алғашқы еңбек жолын 2005 жылы Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде тілші болып бастаған. 2006-2011 жылдары публицистикалық-танымдық сипаттағы кең тынысты республикалық «Алтын орда» газетінде қызмет істей жүріп, журналистік қарым-қабілетін шыңдайды. 2011 жылы журналистердің ұстаханасына айналған облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде тілшілік қызмет атқарды.
2011 жылдың қыркүйек айынан 2020 жылға дейін Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті бас редакторының орынбасары, жауапты хатшысы болып қызмет етті. 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келеді. Жолдасы Айдос Шаштыбаев пен екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT