«Адам туған жер топырағына тарта туады», - деген бар ғой. Батыс Қазақстан облысы да талай дүлдүлдерді, қайраткерлерді, қаламгерлерді дүниеге әкелген өңір. Менің бүгінгі кейіпкерім Сисатов Рысқали Ғабдығаппарұлы 1948 жылы Батыс Қазақстан облысы, Чапаев ауданы, Таубұйрат ауылдық округінде дүниеге келген. Махамбет ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет» және «III дәрежелі Барыс» ордендері иегерінің еңбек жолы туралы аз-қалам тербегенді жөн көрдім.
Рысқали Ғабдығаппарұлының дүниеге келген кезі Ұлы Отан соғысы аяқталған кездегі елдің қиын-қыстау жағдайымен тұспа-тұс келеді. Сол қиындықтарға қарамастан жастайынан зерек болған Рысқали ағамыз мектепті ойдағыдай аяқтап, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша институтқа түсіп, оны аяқтағаннан соң үлкен өмірге қанат қағады. Еңбекқорлық оның бойына ата-бабасының қанымен берілген. Қолында институт бітірген дипломы бола тұра, еңбек жолын қара жұмыстан бастауы бұл сөзіме дәлел бола алады. Кейін уақыт өте келе ірі кеңшарда бас маман, бөлім басқарушысы, партком хатшысы, кеңшар директоры лауазымына дейін көтеріледі.
Таршылық заманға қарамастан екі бірдей ауданның әкімі жұмысын атқарып, ол аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын аз ғана уақыттың ішінде көтере алған маман, іскер басшы ретінде танылады. Ол кісі қай жерде қандай жұмыс атқарса да адамдармен тіл табысуы, сөйлеген сөздері, іскерлігі кімді болса да тәнті қылатын. Қарамағындағы адамдарға талап қоюмен қатар сыйластықты да есінен ешқашан шығармаған.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары, Кеңес үкіметі жас маман Рысқали ағамызға «Сүйіндік» асыл тұқымды «Еділбай» қойын өсіру мен мал басын көбейту сияқты жауапкершілігі мол жұмыстарды сеніп тапсырады. Өмір бойы ауылдық жерде малдың жағдайымен ерте таныс болған ағамызға бұл қызмет айтарлықтай қиынға соқпады. Әйтсе де, оның ең бір жақсы қасиеті - үлкен істі бастамастан бұрын алдындағы ағаларының асыл сөздерін, олардың жұмыс барысындағы жүріп өткен жолдарымен терең танысып, сол жұмыстың бағыт- бағдарын біліп, зерттеп алып, іске кірісетін.
Осы орайда Атырау облысының Құрметті азаматы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Қосыбек Ырзағалиев былай деп әнгімелейді: «Біздің таныстығымыз облыс партия ұйымдарында жұмыс істеуден басталды. Әр адам өзінше бір әлем ғой. Әрине, олардың жан дүниесін, терең қатпар сырларын бірден ұғына қою да оңай емес. Дегенмен, солардың ішінде де алғашқы кездесуден - ақ бірден жүрегіңе жақын сезініп, бұрыннан таныс - білістей ортақ тіл табысып кететін адамдар болады. Міне, менің өмірімде кездескен жаны жайсаң, көкірегі адал жолдастардың бірі - Рысқали Ғабдығаппарұлы. Рекең «Сүйіндік» асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін зауытқа директор, кейіннен «Сүйіндік» акционерлік қоғамына президент болғанда біз қоян - қолтық араласып, қызмет жасадық.
1996 жылы қазақ қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарымен бірлесе отырып, аталған акционерлік қоғам малымен ғылыми жұмыс жүргізуге шешім қабылданған болатын. Ол сол кезеңдегі алғашқы нарықтық жағдайдағы қиындыққа қарамастан жүргізген ғылыми жұмыстарды аяғына дейін жеткізіп, ұжым жұмысын ұтымды ұйымдастыра білді. Нәтижесінде еділбай қойының жаңа тұқымдық сүлесі (типі) өмірге келді. Сүленің авторы атанды. Бүгінде осы шығарылған жаңа тұқымдық сүлесі Ресей мен еліміздің барлық аймақтарында өсірілуде. Сол кезде оның халық алдында салмақты сабырлылығына, басшыға тән шешім қабылдау қабілетіне, бәрінен де асып - тасып кетуді білмейтін қазақи қарапайымдылығына тәнті болғанмын. Ал мәселе кемшілікке тірелгенде аса талапшыл, қарауындағы қызметкерлердің жұмыста жіберген олқылықтарын сол арада көрсетіп, алдағы уақытта қайталамауды ескертетінін талай көрдім.
Жалпы қай жерде қандай жұмыс жасамасын Рысқалимен қызметтес болған азаматтар оның адамгершілігі, азаматтық қасиеттері жөнінде жылы лебіз білдіреді»
Өз өмірінде қай өңірдің басшысы болса да Рысқали ағамыз сол жердің өмірі мен тыныс-тіршілігін терең зерделеп, экономика қағидаларымен үйлестіре жүргізуді өзінің негізгі мақсаттарының бірі деп білді. Бір ғажабы, бұл кісі ұйымдастырушылық немесе іскерлік қабілетімен қатар заман ағымына тез ілесіп, тоқсаныншы жылдардың тоқырауында, «Сүйіндік», «Құрманғазы», «Махамбет» елді-мекендерінде басшылық қызметін атқарғанда алдымен сол жердің қоқысын тазарту, суық, қараңғы үйлерге жылу мен жарық беру, зейнетақы мен жалақыларын уақытылы беру сияқты мәселелерді сол заманның өзекті мәселелері ретінде бірінші қолға алатын. Сондықтан да елдің еңсесін көтеруге бар мүмкіншілігін, күш-жігерін аямаған білгір басшы ретінде танылып, халықтың ықыласына бөленді.
Атырау облысының Құрметті азаматы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Таубаев Бақтыбек: «Рысқали Сисатов халқын құрметтеп, олардың мүддесіне сай аянбай еңбек етті, ал жұртшылық оның қадыр-қасиетін таныды. Ұжымды бір мақсатқа, бір міндетке ұйыстыра білді. «Ұйымдасқанның ұтары көп» - деген нақыл сөз оның тұрақты ұстанымы болды. Рысқали Сисатов ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде қой шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен маман-басшы болды.
Рысқалидың өзінен ісі бір адым алда жүретін, «Сүйіндік» совхозының атын шығарған, дәрежесін көтерген Еділбай тұқымды қазақы қойдың тектік инофонын сақтауда, тұқымын асылдандыруда, оның жаңа типтерін шығаруда, совхозды асыл тұқымды зауытқа айналдыруда өңір ғалымдарымен қатар шаруашылық басшысы Рысқали Сисатовтың да қолтаңбасы сайрап жатыр. Оның Махамбет ауданына жетекшілік жасағанда да айтарлықтай игілікті істері ел есінде» ...- дейді.
Рысқали ағамыз қайда жүрсе де өзінің қазақ екенін, оның әдет-ғұрпын, салтын, дінімізді, мәдениетімізді ешқашан ойдан шығармаған. Атақты ғалымдармен, мәдениет қайраткерлерімен, саясаткерлермен өз дәрежесінде байланыс, сұхбат жүргізе алған адам.
Осы сөзіме дәлел ретінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шамғонов Аманкелді былай деп әңгімелейді: «Үстіміздегі XXI ғасырдың бас кезінде Рекең Құрманғазы ауданының әкімі қызметінде болды. Осы мезгілде жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО аясында тойланды. Мен сол тойды өткізу барысы жөнінде облыстық комиссия мүшесінде болдым. Осы кезде маған Исатай мен Махамбет батырлардың жорық жолдарын картаға түсіру туралы ой келді. Сол мақсатпен алдымен Құрманғазы ауданының әкімі Рысқали Сисатовқа кіріп шығуды жөн көрдім. Себебі, Исатай мен Махамбет көтерілісі осы Құрмағазы мен Исатай аудандарындағы Нарын құмы, Азғыр жерінен басталған болатын. Сөйтіп, аудан әкімі Р.Сисатовтың қабылдауында болып, ол кісі мені жайдарлы жақсы қарсы алып, мән-жайды сұрады. Келген шаруама әбден қаныққан Рекең бір мезгілде қолына ақ қағаз бен карандашын алып, Ордадан бермен қарай Тастөбеге дейінгі Исатай мен Махамбет көтерілісі жорығының жолын әдемілеп сызып берді. Біз білмеген кейбір деректерді өзі айтып отырды. Нағыз тарих жергілікті халықта деген осы. Сөйтіп, менің Құрманғазы ауданына барған іссапарым Рекеңнің арқасында нәтижелі аяқталды. Кейін осы Исатай мен Махамбет көтерілісі жорығына арналған карта сәтті аяқталып, қазіргі таңда «Қазақстан тарихы» пәні бойынша көрнекі құрал ретінде білім министрлігі арқылы бекітілді.
Осылайша, Р.Сисатов мырза Исатай мен Махамбет бабаларымыздың көтерілісі туралы мағлұматтарды қайта жазуда өз үлесін қоса алды деп толық айта аламын»....
Бұдан басқа да Р.Сисатовтың көршілес Ресей мемлекетімен әсіресе Астрахань облысымен арадағы шекараны межелеуде Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен бірлесе отырып, Мәскеу қаласына дейін барып, көп еңбек сіңіргендігі жөнінде деректі белгілі тарихшы, профессор Нағымов Шахман әңгімелеген болатын.
Р.Сисатов өмірінде терең ойлайтын, білімді адам. Қазақ ақын-жазушыларынан бөлек, әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен, философтарының еңбектерімен жете таныс. Алты құрлыққа аты шыққан саясаткерлердің де тұжырымды сөздерін жатқа айтады.
Рысқали ағамыздың өзі бірнеше кітап пен жетпіске жуық ғылыми және ауылшаруашылық мәселелеріне арналған мақалалардың авторы. Әсіресе ағамыздың 2015 жылы жарық көрген кітабы «Жадымдағы жаңғырық» - атты кітабы көпшілік оқырманның көңілінен орын тапты деп ойлаймын. Бұл еңбекті адамдыққа, азаматтыққа, кәсіпке ұмтылған, білу мен үйренуге талпынған әрбір жас отбасы оқып танысса, артық болмас еді.
Қазіргі кезде Рысқали Ғабдығаппарұлы жасы жетпістен асып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немерелерінің қасында өзінің өмірлік зайыбы Мүнира апаймен бақытты өмір кешуде. Рысқали Ғабдығаппарұлының өнегелі өмірі мен қайраткерлігі кім-кімге де өнеге деп есептеймін.
Сәлімгерей Аймұратов,
философия ғылымдарының кандидаты