Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізімі бойынша кандидат Мақсұт Насибулов және бірмандаттық округ бойынша үміткер Валерий Смоквин Ақмола облысының сайлаушыларымен кездесті.
Кездесуде денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе тұрғындар тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша сауалдар жиі қойылды.
«Елімізде медициналық сақтандырылған азаматтарға да медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бұл туралы Жолдауында ел Президенті ашық айтып, былық жайлаған саланы қатаң сынға алған болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді жүктеді. Десе де, әлі де шикілік көп», деп ағынан жарылды тұрғындар.
«Электронды үкіметтің 1414 байланыс орталығынан кеңес алғанымда, оператор бір тұрақты жұмыс орнынан жарна аударылса жеткілікті деген. Алайда Медсақтандыру қорының 1406 байланыс орталығының маманы барлық жұмыс орныңыздан жарна төлеуге тиіссіз деді. Тұрақты жұмыс орнымда жұмыс берушім жалақымнан қорға онсыз да қомақты сома аударады. Бұған қоса, лицензия алып, адвокаттықты бастап, артынша тастағанмын, бірақ сол үшін де ай сайын 4 200 теңгеден аударып тұруым керек. Бұл шектен шыққандық емес пе? Қор неге менен ай сайын бірнеше жарна алады? Тегін медициналық қызметін тұтынып отырған жоқпын. Өйткені емханада не дәрігер жоқ, не оның қабылдауына шұғыл жазылу қиын. Амалсыз, ақылы клиникаларға жүгінемін», деді тұрғындардың бірі.
Мақсұт Насибулов медициналық сақтандырудың қолданыстағы жүйесі толыққанды тиімділігін көрсете алмай отырғанын жасырмады. Салдарынан азаматтардың да, мемлекеттің де денсаулық сақтау шығындары тоқтаусыз артып барады.
– Созылмалы ауруға шалдыққан тұрғындар кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмекті ала алмай жүр. Бұл жүйе шенділердің қызығушылығы үшін іске қосылғандай әсер қалдырады. Жоба өзін ақтады деп айта алмаймыз. Бұл жүйе әлеуметтік кернеуді күшейтетін теріс факторлардың көш басынан орын алмауы үшін ахуалды тез түзеген абзал, – деді Мақсұт Насибулов.
"Егемен Қазақстан"