Ұлтын сүйген ұл ұлттық ұланда қызмет етеді

Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1992 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскері құрылған болатын.

Ал 2014 жылдың 21 сәуірінде Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы болып өзгертілді. Алғаш құрылған күнінен бастап Ұлттық Ұлан құрамындағы жауынгерлер өздерінің Отан алдындағы міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. «Ұлттық Ұлан» ұлттық гвардиясының құрылғанына биыл 27 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай біз аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Е.Айтжановты сөзге тартқан болатынбыз.

-Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге екпін бере отырып, егемендік декларациясы жарияланған соң небәрі 26 күннен кейін мемлекеттегі алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскер құрған болатын. Осы ішкі әскерге тиесілі жеке құрам еліміз үшін стратегиялық маңызды нысандарды күзету секілді өздеріне тиесілі міндеттерін мүлтіксіз орындап отырды. 2014 жылы Ішкі әскер атауы Елбасының Жарлығымен «Ұлттық Ұлан» ұлттық гвардиясы болып өзгертілді. Ұлттық Ұланның арнайы заңы қабылданды. Бұл заңның шеңберінде жеке құрамның атқаратын міндеттері кеңейтілді. Атап айтар болсақ, төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсету, лаңкестікпен күресу, шекара әскерімен бірге ел тыныштығын күзету секілді маңызды міндеттер жүктелді. Осы 27 жылдың ішінде «Ұлттық Ұлан» Ұлттық гвардиясы Азаматтардың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, ел тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерден қору жолында абыройлы қызмет атқарып келеді және атқара береді де.

Жалпы гвардия сөзінің төркініне келер болсақ, гвардия термині ХІІ ғасырда Италияда пайда болып, ол мемлекеттік туды күзетуге арналған іріктелген жасақ деген мағынаға ие болған екен. Кейіннен бұл айрықша әскер ХV ғасырда Францияда, ХVІІ ғасырда Англия, Швеция, Пруссияда, ХІХ ғасырда Түркия мен Жапонияда құрылған. Ресейде гвардиялық полктер І Петрдің бастамасымен ХVІІ ғасырдың 80 жылдары пайда бола бастады. Қазақстанның том-том тарихын ақтарып, қарар болсақ, қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керей, олардың мұрагерлері Есім, Қасым, Тәуке хандар да қазіргі ұланға ұқсас әскер ұстағанын көреміз. Әскерге ханға берілген ақсүйектер отбасынан шыққан жасөспірімдер алынған. Олардың негізгі міндеті ханның отбасын қорғау, жол жүру кезінде ханмен ілесе жүру, көрші мемлекеттерден елші келгенде жарғылық рәсімдерді атқару болған. Қазіргі Ұлттық Ұланның сарбаздары да осынау тарихи дәстүрді жалғастырушылар болып табылады. Ұлттық Ұланның қатарында қызмет ету көптеген жастар үшін дәреже. Жылдан-жылға Қазақстан Қарулы Күштерінің, жалпы әскери қызметтің беделі артып келеді. Оған Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы жастар санының арта түсуі дәлел. Бұдан бөлек, арнаулы және жоғары әскери оқу орындарына түсуге тілек білдіруші жасөспірімдердің қатары да жыл сайын көбейіп келеді. Махамбет ауданы бойынша 2018 жылы Құрлық әскери институтына Қалымов Бекзат, Алматы қаласы радиоэлектроника және байланыс әскери - инженерлік институтына Кенжалы Есенаман және «Жас Ұлан» республикалық мектебіне Таумұрат Табылдиев, Айсұлтан Қуандықов және Дамир Маратов оқуға түсіп, курсант атанды. Жастардың осынау жақсы талпынысы көңілге қуаныш ұялатады.

Республикалық Ұлан жанынан құрылған Президент оркестрі осы күні тек ұланның ғана емес, бүкіл республикамыздың мақтанышына айналды десек, асыра айтқанымыз емес. Бұл оркестр дүниежүзінің барлық мемлекеттерінің әнұранын орындай алады. 2014 жылы Қазақстанда ресми сапармен болған Малайзияның Премьер-министрі құрметті қарауыл мен оркестрді көріп, “Біз де дәл осындай оркестр мен қарауыл жасақтағымыз келеді, бізге нұсқаушылар жіберіңіз” деп тілек білдірген екен. Мұның өзі еліміз үшін, оның ішінде Ұлттық Ұлан үшін зор мәртебе екені анық,-дейді Е.Айтжанов бізбен әңгімесінде. Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521