«Краш», «изи»: журналист жастар арасындағы жаргон сөздерді сынға алды

Бұрындары қалаға барып келген ауыл баласы сөз арасына бейәдеп немесе орыс тіліндегі сөзді қосып сөйлесе, аузымызды ашып, таңқалып қалатыным есімде.

Ал қазіргі күні жастар арасында қазақтың шұрайлы тілін бұрмалап сөйлейтіндер көбейгені жасырын емес. Әсіресе ағылшын тілінен еніп, күнделікті өмірде қолдану арқылы тілімізге сіңісе бастады.

Сленг сөздерді айту қалалық жердің жасөспірімдері мен жастары арасында кең тараған. Қаладағы Жайық жағалауында серуендеп жүргенде жанымызда өтіп бара жатқан екі жап-жас баланың әңгімесі ойландырды. Миың сан-саққа жүгіріп, «бұлар қай тілде сөйлесіп бара жатыр өзі?» деген сауал көкейге сап ете қалды.

«Қалайсың бро? Оу, сені жаңағы қыз краш деп жатыр ғой» дейді біріншісі. Екіншісі: «Эй, рофлить етпеші. Ол чиксаның вкусы бөлек» деп жауап береді.

Екі достың арасындағы диалогта айтылған сөздерге түсінбеген мен бірден телефонымды ала сап, қазіргі тілмен айтқанда, «гугл-шейхқа» көмекке жүгіндім. Сөйтсем, жастар сленгі ең көп таралған әрі ең қауіпті жаргон сөздердің көшін бастап тұр екен.

Мысалы, «оңай» сөзін жай ғана өз тілінде айтудың орнына ағылшын тіліндегі аудармасын, «изи» деп айтқанды құп көретін жастар «шынымен, расында» деген сөздердің орнына «рили» деген сөзді қолданады.

«Біздің вайбты ешкім түсінбейді» деп әлеуметтік желіге өзінің тіршілігінен үзінді салушылардың да өзге тілден енген сөзді пайдаланып жүргенін байқауға болады.

Мұндай сөздерді тізе берсек, жеткілікті. «Хейт», «Сорян», «Ауф», «Флекс», «Кринж», «Войс», «Чилл» «Шиппер» деп кете береді. Қауіптілігі сол, мұндай сөздерді қолдану, шала қазақ тілінде сөйлеу жастардың өмір салтына айналып барады. «Трендтегі» сөздер жастардың көретін, оқитын мәлімет, ақпараттарына байланысты қалыптасатыны белгілі.

Жаһандану заманында ешбір сүзгіден өтпеген ақпараттар тасқыны жастардың санасын улауда. Ел ара[1]сына «сленг» сөздер әзіл-оспақ қойылымдары арқылы да елге танылып кетіп жататын көрінеді. Халықты тәрбиелейтін бір орын сахна болғандықтан, айтылған орынсыз сөздердің әсері көп. Қалай дегенмен де, нәрі жоқ, сәнді болғанмен мәні жоқ сөз саптаулар жастардың желігін желпілдетіп тұр.

«Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт» деп жүрміз ғой. Қазақтың мәңгүрті онсыз да аз емес. Солардың қатары көбеймесін десек, жаргон қосып сөйлеудің кең етек алып кетуін осы бастан тыюымыз керек.

 

 

Қазбек Айтқалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT