Құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Қазіргі таңда жасөспірімдердің қауіпсіздігі, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, интернет кеңістігінің кеңеюі, әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерлер, тұрмыстық және жол-көлік оқиғаларының жиілеуі бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстардың маңызын арттырып отыр.

Осы мақсатта Талдыкөл орта мектебінде оқушылар арасында құқықбұзушылық пен түрлі оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Кездесуге аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ерлан Чунышкалиев арнайы қатысып, оқушылармен ашық форматта әңгіме жүргізді.

Полиция қызметкері өз сөзінде жасөспірімдердің ең алдымен жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті.

- Қыс мезгілінде мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамау адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Белгіленбеген жерлерден өту, жұқа мұзға шығу – орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан әр оқушы мұндай жағдайда сақтық шараларын білуі тиіс. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі алаяқтық мәселесі де өршіп тұр. Оның айтуынша, қазіргі таңда интернет арқылы жасалатын қылмыстардың құрбанына айналатындардың арасында жасөспірімдер де аз емес. Жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдармен жазысудан сақ болу – өз қауіпсіздігіңді қорғаудың басты жолы, – деді ол.

Кездесу барысында есірткі заттарын тарату мен тұтынудың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау, ұрлықтың салдары, сондай-ақ буллинг пен кибербуллингтің психологиялық және құқықтық зардаптары кеңінен түсіндірілді. Полиция қызметкері буллингке бейжай қарамау, мұндай жағдай туындағанда дер кезінде мұғалімдерге немесе құқық қорғау органдарына хабарласудың маңызын атап өтті.

Іс-шара соңында оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты өмірден алынған мысалдар арқылы пайдалы ақпарат алды.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT