Мақат ауданында ерікті жастар мұз ойып, қар ашып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы ауданымызда жүйелі әрі қарқынды түрде іске асуда.

 

Аталған бастама қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Осы орайда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданымыздың ерікті жастары Мақат кентінде қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған тазалық жұмыстарын жүргізді. Игі іске белсене атсалысқан жастар тұрғындар жиі жүретін көшелер мен қоғамдық орындарда мұз ою, қар аршу жұмыстарын атқарды.

Нәтижесінде жаяу жүргіншілердің еркін әрі қауіпсіз қозғалуына қолайлы жағдай жасалып, қыс мезгілінде жиі кездесетін жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік туды.

«Аталған бастама – жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етуге дайын екенін айқындайды. Сонымен қатар бұл шара жас буынның бірлікке, жауапкершілікке және туған өлкеге жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан жастары қоғамдық маңызы бар шараларға белсене атсалыса бермек»,-дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ботакөз Асхатқызы.

Иә, тазалық – ортақ міндет әрі басты назарда болуы тиіс мәселе. Сондықтан әрбір тұрғын қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосып, туған жердің көркеюіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Бірлескен еңбек қана таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ж.Қамза

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT