Қазақстанда 2015 жылы 150 мыңнан астам киік қырылған еді.
Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін киіктерді атуға тыйым салынған еді. Енді киіктің санын көбейту үшін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылды. Яғни, Қазақстанда 2023 жылға дейін ақбөкен атуға тыйым салынды. Бұл шара киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында жасалып отыр.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысының айтуынша, биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамамен мақұлдаған. Киікті атуға тыйым салу туралы бұйрық ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннің ішінде (20 ақпанда) күшіне енеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету каупі төнген түрлерін ақбөкен (киік), сонымен қатар олардың мүйізін, етін, терісін және т.б бөліктерін заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, сатып алу, сату, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жоюға қатаң тыйым салынады.
Қылмыс жасау анықталған жағдайда қылмыс құралдары мен мүлкі тәркілене отырып, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
А.Кабдугалиев,
аудандық инспекция бөлімінің басшысы
Сурет:дереккөз