Хагги Ваги: интернеттегі құбыжықтар бала санасын улап жатыр

Бала тәрбиесінде баланың ортасы, достары және отбасындағы қарым-қатынас маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Баланың тілін баппен тауып, оған ақылды да айта білу керек. Бірақ, көп жағдайда олар айтақаныңды емес, көргенін қайталауға құмар. Ал, қазіргі балалар не көріп жүр?

Әрине, түрлі компьютерлік ойындар, солардың кейіпкерлері балаларымыздың жақын досына айналып бара жатқандай. Игра в кальмара, Сирено[1]головый, Хагги Ваги, Киси Миси деген атауларды балаларыңыздан жиі естисіз бе? Соңғы кездері төрт жасар қызым түн ортасында «мені сиреноголовый қуып жүр» деп шошынатынды шығарды. Ютубты ашып қарасақ басы жоқ, денесі қаңқадан құралған «сиреноголовый» деген құбыжық адамдарды оқыстан үркітіп, қорқытып қуады екен. Ұстап алса өлтіреді. Ал, оның құлаққа жағымсыз сиренасы естілгенде балалар үрейленіп бастайды. Бір қызығы балаға да осы адреналин, қорқыныш сезімі ұнап тұр. Телефонның ар жағындағы құбыжық адам өлтіріп жатса да оларда аяушылық сезімі емес, қызығушылығы басым болып отырғаны қорқытады.

Одан қалса, бауырларымен, достарымен жиналғанда ойнайтындары «Игра в кальмара». Фильмнің  дауысын, сюжетін, қимылын бәрін жаттап алған. Қателесіп кетсе бір-бірін дұрыстап қояды. Ал, шын мәнінде ересектердің өзі фильмдегі адам ойына сыймайтын, психологиялық әсері күшті сюжеттерден сескенеді. Ақша үшін адамның басын допша домалатып ата салуды насихаттайтын мұндай кинолардың әлеуметтік желіде миллиондаған ойыны, видеолары тарап кетті. Осы жастан-ақ балаға адамның өмірі осынша құнсыз, адам өлтіру осынша оңай екенін ашықтан-ашық көрсете берсек болашақтары қандай болмақ? Нағыз қорқыныш осы болып отыр. Ойыншық  дүкендеріне кірсек сұрайтыны Хагги Ваги. Түрі құбыжыққа ұқсайтын осы ойыншық олардың бала көзіне қалай сүйкімді болып көрінетіні түсініксіз. Оның барлығы сол смартфондағы ойында Хагги Вагиді әрі адам өлтіргіш жауыз, әрі сүйкімді, көмекке мұқтаж кейіпкер етіп көрсетуінде. Бұл дегеніңіз баланың ойын, сана сезімін ашықтан-ашық улау емес пе?!

АҚШ-та ойыншықтың сапасына қарай сатылымнан алып тастап отырады екен. Мәселен, олар құрамында бала денсаулығына зиян келтіретін улы қоспалар көп екендігі дәлелденген Қытай ойыншықтарын сатуға мүлдем тыйым салған. Ал, біздің нарықта ойыншықтың сапасы да саны да сұраусыз жүргендей. Бәрінен бұрын адам өлтіруді, қинауды, азаптауды, қорқытуды ашықтан-ашық жарнамалап отырған осы ойындар мен ойыншықтар біреулерге қыруар қаржы әкелсе, біреудің баласы саналы түрде уланып отыр. Сол себепті психологтар баланы телефоннан ажыратып, таза ауада ойнатуға, мидың ұсақ моторикасын, сөйлеу қабілетін дамытатын ағаштан жасалған ойыншықтар алып беруге, спортқа, өнерге қабілетін ашып, бағыт-бағдар көрсетуге кеңес береді. Бала психологиясы өте нәзік, сынғыш, көргенін қабылдап алғыш болып келеді екен. Сондықтан қай кезде де ата-ананың дұрыс таңдауы, үйретуі, шектеу қоя білуі ғана баланың жүйкесін қажетсіз артық ақпараттан сақтап қала алады.

 

Айнұр Сатаева

Фото Pixabay

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521