IT-компаниялар үшін бірыңғай құқықтық алаң қажет

Президенттің Жолдауында адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылды. Осы бағытта 2024 жылдан бері өңірде IT Hub жұмыс істеп, стартаптарға қолдау көрсетіп, халықты цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздікке үйретіп келеді. Қазан айынан бастап үш айлық тегін оқыту бағдарламасы іске қосылып, жастар еңбек нарығына дайын маман ретінде шығуға мүмкіндік алуда.

IT қауымдастығы үшін биылғы Жолдау көптен күткен жаңалықтарды қамтыды. Президент Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодексті енгізілетінін айтты.

Бұл заңдар жеке деректерді қорғауды күшейтіп, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етеді және IT-компаниялар үшін бірыңғай құқықтық алаң қалыптастырады. Ең бастысы – олар отандық IT өнімдерінің халықаралық нарыққа шығуына жол ашып, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Сонымен бірге Жолдауда IT қауымдастықты қолдайтын арнайы министрліктің құрылатыны және биылғы қазан айында Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылатыны айтылды. Бұл – еліміздің IT саласын жаңа деңгейге шығаратын маңызды қадам.

Шын мәнінде, Жолдау IT қауымдастығы үшін үлкен серпін берді. Өйткені Жасанды интеллект пен «Цифрлық Қазақстан» тақырыбы ең көп айтылды. Арнайы министрліктің құрылуы – елімізді жаһандық бәсекелестікте артта қалдырмай, керісінше жаңа белестерге шығаратын мүмкіндік.

Қазірдің өзінде цифрландыру бойынша өңірімізде елеулі жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшірілді, әлеуметтік салаларда, көлік пен білім беру жүйесінде жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл халыққа қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ашықтықты қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына жол ашты.

Мен елімізде жасанды интеллект пен цифрландырудың дамуы әлеуметтік-экономикалық өсімге айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін. Қазақстанның IT әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық нарықта да өз орнын табады деп ойлаймын.

Равиль Қаржауов,

Атырау облысы IT Hub менеджері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT