Мен Құрманғазы ауданының тумасымын, жол инфрақұрылымы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен зейнеткер маман ретінде өз ойымды жеткізгім келеді.
Президентіміздің 8 қыркүйектегі Жолдауында жүк тасымалы мен логистикаға ерекше көңіл бөлініп, маңызды тапсырмалар берілгенін білеміз.
Атырау облысы – еліміздің геостратегиялық тұрғыдан аса маңызды өңірі. Ол «батысқа ашылған қақпа» болып саналады. Сондықтан жол-көлік инфрақұрылымының сапасы – тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің экономикалық даму қарқынына тікелей әсер етеді.
Өңірімізде жол саласында бірқатар істер атқарылуда. Әсіресе көптен күткен, халықаралық дәліз мәртебесіне ие болған Атырау–Астрахань автожолының Ресей шекарасына дейінгі бөлігі аяқталып, халық игілігіне берілгені – үлкен қуаныш. Дегенмен, осы жолдың Атырау қаласына кіре беріс учаскесіндегі құрылыс әлі аяқталмағанын атап өткім келеді. Бұл жұмысты дер кезінде бітіру халыққа зор қолайлық әкелер еді.
Сонымен қатар, аталған жол арқылы өтетін транзиттік жүк көліктері қала ішінен өтіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Осы мәселені шешуге бағытталған Атырау қаласының солтүстік айналма жолының құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Бұл жобаны жеделдету – өңір үшін аса маңызды.
Бұдан бөлек, Атырау–Доссор тасжолы бойында орналасқан ірі кәсіпорындардың (ТШО, НКОК, ЭМГ, KPI, Ескене газ өңдеу зауыты және т.б.) жүк ағынына байланысты көлік қозғалысы өте қарқынды. Жолдың тарлығынан жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Сондықтан бұл жолды екі жолақтан төрт жолаққа кеңейту мәселесін қарастыруды сұраймын.
Сондай-ақ, өңір үшін аса маңызды бағыттардың бірі – Атырау–Орал тасжолы. Бұл жол облыс орталығын еліміздің батыс аймақтарымен байланыстыратын негізгі артерия саналады. Қозғалыс көлемінің артуына байланысты жолдың сапасын жақсарту және қауіпсіздігін арттыру өзекті болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды да жеделдетіп, толықтай жаңғырту қажет деп санаймын.
Қазіргі таңда транзиттік көліктердің шамадан тыс жүктемесі өзге жолдарға түсіп отыр. Осыған байланысты Құрманғазы ауданының Асан–Азғыр–Балқұдық ауылдары арқылы Батыс Қазақстанға шығатын жолды салу қажет деп есептеймін. Бұл – транзиттік көлік үшін де, сол өңірдің халқы үшін де үлкен мүмкіндік болар еді.
Логистиканың маңызды бөлігі – әуе және теміржол тасымалы. «Ашық аспан» режимі енгізіліп, жаңа әуежай салу жоспарланғанын білеміз. Осы жобаны жеделдетіп жүзеге асыру өңірдің әуе қатынасын кеңейтіп, халыққа қолайлы жағдай туғызар еді. Сонымен қатар, Атырау теміржол вокзалы кеңес дәуірінде салынған және қазіргі талаптарға сай емес. Сол себепті әуежай мен вокзал ғимараттарын жаңарту қажет деп есептеймін.
Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру – өңіріміздің көлік-логистика әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, Атырауды еліміздің батыс қақпасы ретінде одан әрі нығайтады деп сенемін. Бұл істер тек тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңіріміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ел экономикасына қосылар үлесін еселей түсері анық.
Халық Сіз басқарып отырған облыстың осы бағыттағы табысты қадамдарын жоғары бағалап отыр. Алдағы уақытта да бірлескен еңбегіміз жемісті болып, Атырау аймағы еліміздің дамуындағы басты тіректердің бірі бола беретініне кәміл сенемін.
Ержан Рысқалиев,
Құрманғазы ауданының тұрғыны,
жол инфрақұрылымы саласының ұзақ жылдар еңбек еткен зейнеткер маман