Интернет арқылы жасалатын әрекеттерге айрықша назар аудару керек

Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет.  Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн. Міне, осылайша мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы  «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» атты Қазақстан халқына жолдауында ерекше атап өтті. Қазіргі уақытта адамдар күнделікті өмірде интернет ресурстарын кеңінен пайдаланады, соның ішінде банктік қолданбалар мен сату веб-сайттары, «интернеттегі алаяқтық» деп аталатын қылмыстардың өсімі байқалады. «Интернет-алаяқтық деген не, түрлері қандай, олардан қалай сақтанамыз?» деген маңызды сұрақтарға жауап алу үшін Исатай аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі полиция капитаны Нұрмұханбетов Дулат Болатұлымен әңгімелескен едік.

 -Дулат Болатұлы, ең алдымен интернет-алаяқтық туралы анықтама бере кетсеңіз?

-   Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.

–Ауданымызда алаяқтық фактілері бар ма? Алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

-Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қылмыстарымен тікелей айналысатын аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкіл қызметкерлері  аудан тұрғындарымен және мекеме, білім беру ұйымдарымен  көзбе-көз кездесіп, интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау, жолын кесу бағытында түрлі профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан интернет алаяқтардың арбауына түскен құрбандар азаймай отыр.

-Интернет-алаяқтық ауыл тұрғындары арасында кездесе ме?

- Ауданымызда тіркелген алаяқтық қылмыстарына саралау жұмыстарын жүргізіп қарасақ, интернет-алаяқтық қылмысының құрбандарының 70% әйел адамдар екендігін және 50%  егде жастағы үлкен адамдар екені анық байқалады.

-  Күнделікті өмірде интернет алаяқтықтың қандай түрлері кездесіп жүр деуге болады?

- Соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінің бірі, ол 60 жастан асып кеткен тұрғындарға алаяқтар қоңырау шалып, өзіміздің қолданыста пайдаланып жүрген симкарта нөмірлеріміздің пайдалану мерзімі аяқталғанын жалған сылтау қылу арқылы сол мезетте ұялы телефонға жіберілген кодты алу болып отыр. Сонымен қатар осы алаяқтардың кезекті құрбаны болудан сақтану жөнінде қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, тұрғындар салымдар салу арқылы оңай олжа табу, басқа өңірлерден арзан затқа қол жеткізу мақсатында ақша аударымдарын жасап, алаяқтардың тұзағына іліну фактілері толастамай, үдей түсуде. Бұдан басқа қолданысымыздағы «WhatsApp» әлеуметтік желіміздің жекесіне белгісіз сілтеме жіберіп, төмен жағына «бұл сен бе?» деген алдамшы сөздер жіберу арқылы сілтеме ашылған сәттен бастап телефонымызды толықтай басқаруға мүмкіндік алу арқылы кез келген банктен несие алу фактілері байқалуда.

– Интернет алаяқтықпен айналысқан адамдарға қандай жаза түрлері қарастырылған?

-Интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан адамдарға Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл жерде айта кететін жайт, алаяқтық қылмысын жасаған тұлғаның қылмыстық әрекетіне сәйкес, яғни жәбірленушілердің көптігі, қылмысты бірнеше рет жасауы, шығын есебінің көлемі ескеріле отырылып, қылмыстық іс-әрекеттің дәрежесі де соғұрлым қатаңдай береді.

-  Ақпараттық жүйелерді пайдаланып алаяқтық жасайтындарға алданып қалмау үшін не істеу керек?

- Интернет-алаяқтарының кезекті құрбаны болмас үшін кез келген өзіңізге таныс емес нөмір қоңырау шалып, сізге «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды», «Сіздің банктік есепшотыңызға кибер шабуыл болып жатыр, соның алдын алу керек», «Сіздің  депозитіңіздегі жинақ ақшаңызға кибер шабуыл болып жатыр», «Сіздің атыңыздан несие рәсімдеп жатыр», «Кибер шабуылдың алдын алу үшін банктік есепшоттағы немесе депозит жинағындағы жинақ ақшаны арнайы есепшотқа тездетіп аударуыңыз керек», «Бұл әлденеше банктің қауіпсіздік бөлімінен» деген қоңырауларға тап болсаңыз, дереу арада қоңырауды үзіп, олармен байланысудан бас тартыңыз. Яғни, банктің өзіндік қауіпсіздік қызметкерімін деп, Сізге қоңырау шалып сөйлескен тұлғалармен сөйлеспеңіз, оларға өзіңіз туралы ақпаратты мәлімдемеңіз, бұл жерде мына бір қарапайым жайтты ұмытпаңыз, банктегі өзімізге қатысты ақпараттардың барлығы құпиялы түрде сақталған. Одан басқа  ғаламтордағы және инстаграмм әлеуметтік желісіндегі мебель, жиhаз, автобөлшектер, тұрмыстық өнімдерді арзан бағаға жарнамалайтын парақшалардан сақ болыңыз, инстаграмм әлеуметтік желісіндегі парақшалардың рас немесе жалған парақша екенін анықтау – қарапайым адам үшін өте қиын дүние. Сол себептен, басқа қаладан өзіңізге қажетті тұрмыстық заттарды арзан бағада сатып алар болсаңыз, интернет әлемінен іздемегеніңіз жөн, ең дұрыс шешімі сол қаладан өзіңіздің туысқаныңыз немесе өзіңіз аяқтай барып қарап жүріп, таңдап алғаныңыз жөн.

Алаяқтардан бір қадам алда болуға және ақшаңызды сақтауға көмектесетін тағы бірнеше кеңестер:

- Жеке деректеріңізді ешкіммен бөліспеңіз! Телефон алаяқтарының, әсіресе несиелерді немесе шоттарды жабу туралы өтініштерінен сақ болыңыз.

- Ақшаны аудармас бұрын алушының мәліметтерін тексеріңіз.

- Ешқашан СМС-те көрсетілген код пен PIN-кодтарды үшінші тұлғаларға, тіпті туыстарыңызға да айтпаңыз.

- Телефондарыңызға AnyDesk және PustDesk сияқты бағдарламаларды орнатпаңыз. Күдікті жағдайларға тап болсаңыз, банкке немесе құқық қорғау органдарына, 102 арнасына дереу хабарлаңыз.

Алаяқтық қылмысының алдын алу үшін алдымен адамның өзі сақтық танытқан жөн. «Сақтансаң- сақтаймын» деген. Адам тек өзін-өзі ғана алаяқтықтан аман алып қала алады. Алаяқтың арбауына берілмей, сергелдеңге түсуден сақтану - өз қолыңызда.

 - Интернет-алаяқтықтың басқа қылмыстардан қандай ерекшеліктері бар екенін айта кетесіз бе?

- Интернет-алаяқтық қылмысының басқа қылмыстарға қарағанда, ерекшелігі, жәбірленуші мен қылмыс жасаушы тұлғалар бір-бірін көзбе-көз көрмейді және мүлдем танымайды.  Интернет-алаяқтық қылмысын ойлау қабілеті жақсы дамыған тұлғалар жасайды, яғни IQ дәрежелері жоғары адамдар. Алаяқтар өздерін әшкере етпеу мақсатында айына 1000-2000 симкартаны және 100 шақты ұялы телефондарын, басқа тұлғалардың, көп жағдайда студенттердің банктік карточкаларын ауыстырып қолдана береді.  Мысалы, Сіз маған қоңырау шалсаңыз, Сіздің қай жерден хабарласқаныңызды, қайда тұрғаныңызды анықтау оп-оңай дүние, Ал жоғарыда айтқан алаяқтардың қай жерден хабарласқандығын, қайда тұрғандығын анықтау – қиынның қиыны. Алаяқтық қылмысын жасаушы адамдар Алматы, Астана қалаларында және Ресей мен Украинадан болады.

–  Ал, енді, біз интернет алаяқтарға алданып қалғанымызды білдік дейік, ақшаны төлеп қойдық, сол кезде ең бірінші әрекетіміз қандай болуы керек?

–    Ондай кезде алаяқпен ұрысып-керіспей, онымен байланысты мейлінше созуға тырысу керек. Мысалы, ол сізден тағы ақша сұрап жатса, ал сіз оның алаяқ екенін білген болсаңыз: «Қазір менде ақша жоқ еді, бір жерден алып келейін, жарты сағаттан кейін немесе ертең хабарласа аласыз ба?», – деген секілді онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасау қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп, мүлдем жасырынып кетуіне жол бермеуге тырысқан жөн. Сол секілді терминалмен төлеген чектерді, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап, дереу арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл мәліметтердің бәрі біздің алаяқты табуымызға көмектеседі.

 – Ел тұрғындары үшін аса маңызды ақпараттармен бөлісіп, сұхбат бергеніңізге рахмет!    

 МАМАНДАР КЕҢЕСІ

 Біріншіден, банк карталарының дерегін сақтаңыз. Жеке деректеріңізді ешкімге жібермеңіз. Қандай да бір белгісіз адам хабарласса, ешкімге SMS-код жібермеңіз.

Екіншіден, алғы төлем жіберер алдында тауардың бар-жоғын тексеріңіз. Банк картаңызды ешкімге бермеңіз. Себебі бір затты не тауарды сатып алу алдында тауардың бар-жоғына көз жеткізіңіз. Интернет-алаяқтық бойынша көбіне алданатындар зейнеттегі адамдар екен. Себебі олардың қаржы сауаттылығы төмен. 

Үшіншіден, интернетте алаяқтар туралы ақпаратты таратыңыз. Интернет-алаяқтықты жоюдың ең басты жолы - ол алаяқтар туралы ақпарат тарату. Баласы ата-анасына қандай да бір алаяқтың жолы пайда болғанын түсіндіріп отырса, оқушыларға түсіндірілсе қаржы сауаттылығы артып, мұндай жағдайлар кем дегенде 50 пайызға азаяр еді,- дейді мамандар.

 Сұхбаттасқан

 Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT