Жергілікті аймақтық инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, жаңа ауқымды нысандар ашу қағаз жүзінде жоспарымызда тұр.
Ал, соны жүзеге асыруда қаншалықты тиянақтылық танытып отырмыз? Иә, қазір заң да, үкімет те жеке кәсіпкердің құқына қол сұғушылыққа жол бермейді. Әйтсе де жеке кәсіпкер де осыны пайдаланып, өзіне тиесілі нысанның аумағын күл-қоқысқа толтырып немесе қоршауын солай қираған күйінде қалдырып кете берсін деген сөз емес. Кез келген нысанның көркі – ол ауылдың көркі. Бүгін сол жерге діттеген жоспарыңызды іске асыратын қаржыңыз жоқ болса, онда көшенің де сәнін кетірмей, халықтың да мазасын қашырмай, күл-қоқысты да бекерге толтырмай өзіңізге тиесілі жеке меншік аумағыңызды қоршап қойған абзал емес пе?
Өкінішке орай, жекенің құзырына өткеніне жылдар болса да, әлі бір игі іске игерілмей жатырған бос мекеме, бос нысан көп. Кеңес одағы тарап, тәуелсіздік алған жылдарда тұралап қалған өндіріс ошақтары мен көптеген мекемелерді жаппай жекешелендіру жүргізілді. Бір кездердегі жұмысы гүрілдеп, атағы жер жарып тұрған аудандағы сельхозтехника, сельхозхимия, дезотдел мекемелері болса жетім баланың күйін кешіп әлі бос тұр. Әрқайсының да бір иесі бар-мыс. Алайда, сол жерді не халықтың пайдасына, не өз пайдасына жарата алмай жүрген иелері қазір қайда? Біз оларды іздестіріп көрдік және сіз білмейтін біраз жайтқа қанық болдық.
Аумағы 4 гектар жерді алып жатырған сельхозтехниканы аға буыннан білмейтін адам кемде-кем. Бір кездері Махамбеттің мақтанышына айналған мекеме бүгінде қаңырап бос жатыр. Бос жатқаны былай тұрсын ауласы қоқысқа толып, артқы қоршаулары құлап қалған. Қазіргі қарауылы – үй-күйсіз ит-мысық пен ара-тұра осы жерде бас қосатын ащы судың жетегінде жүрген азаматтар. Бұл 4 га аумақтың әуелгі иесі 2007 жылы белгілі бір адамдардың сұрауымен Қазақстанның даму банкіне аталмыш мекемені кепілге салып, қомақты қаржы алады. Алайда, сол қаржыны пайдасына жаратқан адамдар қарызды өтемеу салдарынан, мүлікті банк жекешелендіріп алады. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ж.Пазуловтың айтуынша, Даму банкі бұл аумақты сатуға шығарып, әзірбайжандық инвесторлар қызығушылық білдіргенімен, құжаттардың дұрыс болмауынан аукцион тоқтатылған. Яғни, құжаттарда кеткен қателіктің салдарынан қазір бұл жерді игеруге, жаңа нысандар салуға банктің де рұқсаты жоқ. Осылайша не мемлекеттің меншігіне, не шетелдіктің иелігіне өтпеген бұл аумақ қазір «ауада» тұр. Жуық арада ол жерге жаңа нысан салынбақ түгілі, қоршауын жөндеп, қоқысын тазалауға да ешкімнің құқы жоқ. Өз кезегінде селолық округ әкімі Басерат Мыңбаев: «ауылішілік тазалық жұмыстарын жүргізу барысында бұл аумақтың да ашық жатырған қоқыс алаңын жинап кетіп отырамыз. Әйтсе де тұрғындар ескі әдеттеріне қайта басып, кері толтырып тастайды. Шындығында ол жерді тазалау біздің міндетіміз емес, тек қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін ғана тазалау техникасын жіберіп отырамыз» деп ашығын айтты.
Өз заманында маңызды рөл атқарған, қаншама маманды жұмыспен қамтыған, қанша адамның еңбек жолы сол жерден басталып, қанша адам абыроймен зейнетке шыққан «сельхозхимия» мекемесі де бүгінде жекенің атына көшкен. Қазіргі иесінің өтінішімен аты-жөнін жарияламасақ та, желмен ұшып, қирап жатқан қоршауын көрсетуді жөн санадық. Аумақтағы ескі ғимараттың төбесіне әлдебір ұялы байланыс компаниясының бақылау құрылғысы орнатылған. Қоршауы жөнделіп, есігіне құлып салғызбайынша сол аумақта тұратын ата-аналардың балалары үшін алаңдайтынын иесіне жеткіздік. Оған қоса ашық жатқан жердің аяқасты қоқыс алаңына айналуы да ғажап емес.
Жеке тұлғаның иелігіне өтпеген, әйтсе де иесіз жатқан ғимараттың бірі Жайықтың жағасында орналасқан бұрынғы «дезотдел» мекемесі. Көшенің арғы басындағы көзге көрінбей оқшаулау тұрған ғимараттың аумағы шағын, бірақ адам көрер сиқы жоқ. Есік-терезесі қирап, көшенің атауы жазылған тақтайшасы да күнге қурап кеткен. Бұл мәселені бізден бұрын көтеріп, аталмыш мекеменің облыстық басқармасына барып, басшыларымен жолыққан селолық округ әкімі Б.Мыңбаевтың жауабы мынадай:
-Дезотделдің облыстағы орталығы бұл нысанның аукционда тұрғанын айтып ақталды. Аумағының күл-қоқысқа толып, халықтың, әсіресе жас балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отырғанымызды жеткізгенімізбен мардымды жауап ала алмадым. Бар айтқаны- келісімді баға ұсынған адамға барынша тез арада сатып жібереміз. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейтіндіктен өздеріне тиесілі аумақтардың тазалығы мен тұрғындарға қауіпсіздігін қадағалануын талап етіп, бос тұрған нысандардың иелеріне ескерту хат жолдауды қолға алып жатырмыз.
Қаңырап тұрғанына 50 жылдан астам уақыт болған бұл ғимарат жайлы ел аузында да неше түрлі қауесет әңгімелер жүр. Жайықтың жағасында орналасқан мекеменің ішін бір кездері «суперісі» мекендеген деседі. Бұл ақпараттың қаншалықты анығы бір Аллаға аян. Әйтсе де, жер бетінде адамдардан бөлек жаратылған неше түрлі тылсым күштердің барын жоққа шығара алмаймыз. Ежелден ырым-тыйымға сенгіш халқымыз иесіз жатқан үйден барынша аулақ жүріп, кіре қалған жағдайда әуелі «Бисмилласын» айтып, есігінен аластап аттаған. Себебі, қасиетті дінімізде де иесіз заттың киесі кетеді деген түсінік бар.
Жуырда аудан әкімінің телеграмм чатынан байқап қалған терезесі сынық мына пәтердің иесін ұзақ іздестіріп, ақыры таптық. Бисенов Азамат есімді ауыл тұрғыны, осыдан шамамен 10 жыл бұрын бұл пәтерде, ата-анасы, бауырларымен тұрған. Кейін Сарытоғай селосына қоныс аударған олардың үйі сол уақыттан бері бос тұр. Бұрын жанымыздағы иесіз үйді қарайлап, ұры-қарыдан сақтандырып отырушы едік, Азаматтың көршілері керісінше бір емес бірнеше рет терезесін шағып, ескертуіне қарамастан, бұл әдепсіздіктерін тоқтатпай отыр. Әлбетте, әйнекті қиратқан сол маңдағы кішкентай балалар. Алайда, оларға ақыл айтып, тоқтау салатын «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмағаны тіптен қызық. Аманатқа қиянат жасап отырған көршілеріне қанша реніші болса да, үй иесі олардың үстінен осы уақытқа дейін шағымданып көрмепті. Жақын күндерде терезесін ауыстырып, жаңалауға уәде берген кейіпкеріміз, бұл бассыздық тағы қайталанса, құзырлы органдардың көмегіне жүгінетінін жасырмады.
Түйін
Жалпы қазіргі таңда аудан орталығында иелері көшіп кеткен, немесе өмірден өткен, жалғызбасты адамдардан қараусыз қалған, апатты жағдайда болғандықтан тұрғындары қоныс аударған баспаналар жетерлік. Айтпағымыз, сол үйлер өзінің түрлі арам ойын жүзеге асырғысы келген қоғамдағы кейбір азғын адамдардың көздеген нысанына, жалпақ тілмен жеткізгенде иесіз жатқан кейбір ғимараттар кейін «жын-ойнаққа» айналып кетпесе болғаны.
А.САТАЕВА