Ғалымжан Жусанбаев АМӨЗ-де мұнай-химия өндірісін дамыту тәжірибесімен бөлісті

Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ және «Атамекен» ҰКП қолдауымен PetroPolymers & PetroChemicals-2024 форумы өтті. Іс-шараға ірі мұнай-газ және мұнай-химия компанияларының басшылары,  шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Форумның спикерлері қатарында «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев та болды.

Жиында отандық мұнай-химия саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа жобалар, атап айтқанда Атырау қаласында полипропиленді қайта өңдеу бойынша шағын индустриялық аймақ құру және аймақ базасында шағын және орта бизнестің қатысуымен іске асатын жобалармен қатар полимерлерді өңдеу жобасын дамыту, сондай-ақ газ өңдеу зауытын іске қосу мәселелері талқыланды. 

 Ғалымжан Жусанбаев өз сөзінде Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай-химия өндірісін дамыту тәжірибесі туралы баяндады. 2015 жылы Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы мен Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасы аясында АМӨЗ-де хош иісті көмірсутектерді өндіру кешені іске қосылған болатын. Кешен отын және мұнай-химия режимдерінде жұмыс істейді. Отын режимі ішкі нарықты жоғары октанды бензинмен қамтамасыз ету үшін, ал мұнай-химия режимі жылына 133 мың тонна бензол және 496 мың тонна параксилол өндіру мақсатында қолданылады. Бензол мен параксилол мұнай-химия өнімдерін, соның ішінде капрон, пластмасса және пластмасса талшықтары, бояғыштар, ауыл шаруашылығында қолданылатын улы химикаттар,  құрылыс және жиһаз өнеркәсібіне қажетті фенолформальдегидті шайыр, сондай-ақ дәрі-дәрмектер, еріткіштер және т.б өндіруде кеңінен пайдаланылатын бағалы шикізат саналады. Қазіргі кезде АМӨЗ Қазақстандағы бензол мен параксилол шығарушы жалғыз кәсіпорын.  
Ғалымжан Жусанбаев АМӨЗ-дің отандық мұнай-химия өндірісінің дамуына қосқан үлесін атай отырып, экологиялық қауіпсіздік пен еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейту мәселелеріне де ерекше тоқталды.
«Хош иісті көмірсутектерді өндіру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруға Axens және Uhde секілді әлемге әйгілі компаниялар қатысты. Аталған компаниялар енгізген мұнай-химия саласындағы озық технологиялар экологиялық қауіпсіздік пен өндірістің тиімділігін арттырды. Хош иісті көмірсутектерді өндіру кешенін іске қосу ішкі нарықты жоғары сапалы отынмен қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылатын бензол мен параксилолдың барлық көлемі Қытай, Алжир, Ресей, Беларусь сияқты елдерге экспортталады», - деді Ғалымжан Жусанбаев.

    Сөзін қорытындылай келе АМӨЗ басшысы еліміздің мұнай-химия саласын дамыту мақсатында зауыт инновациялық және тұрақты даму жолын жалғастыратынын атап өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT