Биыл өңірде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында 950 адамды тегін курстармен қамту жоспарланған

Өңірде қазақ тілінің қарапайым деңгейін тегін оқып-үйрену үшін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы құрылып, 2022 жылдан бері өз жұмысын жасап келеді. Былтыр тілдерді (қазақ, орыс, ағылшын) үйренудегі озық оқыту технологияларының маңызды бағытында 900 адам тегін білім алса, биыл 950 адамды тегін оқыту жоспарлануда. Бұл туралы Атырау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысы 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикада алғашқылардың бірі болып мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымын мемлекеттік тіл – қазақ тіліне көшірген облыс.

-Басқарма облыс әкімдігінің құрамындағы өңірде мәдениет саласымен қатар тіл саясатын жүзеге асырушы мемлекеттік орган. Алдыңғы жылы өңірде қазақ тілінің қарапайым деңгейін тегін оқып-үйрену үшін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы құрылған болатын. Онда «Мемлекеттік тілді оқыту», «Ағылшын тілін оқыту» және «Орыс тілін оқыту» курстары бар. Былтыр осы курстар бойынша 900 адам оқытылды. Ал енді биылға 950 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз, - деді Ә.Жоламанов.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өңірдегі мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 60%-дан 99,7%-ға өскен. Яғни, өңірдегі тілдік ахуалды анықтау мақсатында өткізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде өткен жылы мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 99,7%-ды құрады.

Сондай-ақ басқарма басшысы консультациялық көмек беру мәселелерін жүзеге асыратын арнайы 109 Call/Жедел желіcіне қосылған жаңашылдықтарды да айтып өтті.

-Былтыр басқарманың ұсынысымен Атырау облысы әкімдігі жанынан ұйымдастырылған азаматтарға консультациялық көмек беру мәселелерін жүзеге асыратын 109 Call/Жедел желіcіне тілдік кемсітушілік мәселелері де қосылды. Яғни, облыс тұрғындары аталған мәселе бойынша болған фактілер туралы 109 Жедел желісіне байланысқа шығып, хабарлауға мүмкіндік алды. Алайда өткен жылы облыста тілдік негізде кемсітушілік фактілер бойынша ресми құжаттар тіркелген жоқ, - деді Ә.Жоламанов.

Сонымен қатар оның айтуынша, биыл қазақ тілін оқытатын оқытушылардың арасында «Үздік оқытушы – 2024» облыстық байқауы мен дәстүрлі Қазақстан халқы тілдері облыстық фестивалін өткізу жоспарланған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT