Ел Президентінің бас-тамасымен биылғы жыл Жұмысшы мамандықтар жылы аталуына орай түрлі тақырыптағы іс-шаралардың көптеп өтіп келе жатқанына бәріміз де куәміз. Соның ішінде еңбек адамына көрсетіліп жатқан құрмет те аз емес.
5 тамыз күні атаулы жыл аясында Астана қаласында ел болашағына адал еңбекпен үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы және «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген жұмысшы мамандар арасындағы «Үздік құрметті маман» аталатын республикалық патриоттық байқауы болып өтті.
Астана күні қарсаңында аталған байқауға қатысуға талап қылғандар арасындағы алдын ала іріктеуден мүдірмей өткен біздің жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебінің жай қызметкері Қайдарова Ғалия Хамзақызы да осынау елдік байқауға қатысып, үлкен мемлекеттік марапат иеленіп қайтты. Ол Астана төрінде «Үздік құрметті маман» төсбелгісі және I дәрежелі дипломмен марапатталып, батыр баба атындағы ауданымыздың мерейін үстем етті, өзі еңбек ететін орта – мектебіміздің де абыройын асқақтатты. Аудандық білім бөлімі мен аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен Елордадағы елеулі іс-шарада еңбегі еленген Ғалия Хамзақызының бұл марапаты - мектеп ұжымы үшін үлкен мақтаныш, зор қуаныш.
Ғалия Хамзақызы біздің мектебімізде 16 жылдан бері жай қызметкер болып еңбек етіп келеді. Ол - өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, қызметкерлермен тез тіл табыса білетін қарапайым мінезімен көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі. Еңбек еткен жылдарында көптің көңілінен шыққан адал қызметі мектеп басшылығының назарынан тыс қалған жоқ. Ол ерен еңбегі үшін аудандық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен де марапатталды. Биылғы Еңбек күні мерекесіне орай аудан әкімі Н.Мусиннің Алғыс хатын алғандардың қатарында осынау қарапайым еңбек адамы Ғалия Хамзақызы да болды. Өзінің ширек ғасырлық еңбек жолында ол қарапайым еңбектің қадірін ұққан, ұжыммен ынтымақтаса жұмыс жасауға дағдыланған, көпшіл де қарапайым қызметкер болып қалыптаса білді. Ғалия Хамзақызы - отбасында асыл жар, аяулы ана, сүйікті әже. Жолдасы Орынбек Саримов – зейнеткер, байланыс саласының еңбек ардагері. Ғалия Хамзақызының Елордаға сапарына қолдау көрсеткен мектеп әкімшілігіне, ұжым мүшелеріне де айтар алғысымыз шексіз. Еңбек адамына көрсетілген құрмет - тынымсыз тер төккен адал еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз, еңбегі жана бергей!
Нұргүл МАҒАЗОВА,
Аққыстау орта мектебінің мұғалімі