Еріктілер жылын абыроймен атқарамыз

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялап, Үкіметке жоспарға сай жоғары деңгейде жұмыстар атқаруды тапсырған сәттен бастап республика көлемінде, әсіресе жастар арасында еріктілер тобы көптеп құрыла бастады.

Өз басым еріктілік – жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, жүректерді жылуға бөлейтін, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін игілікті іс деп білемін. Әр адам өзінің бос уақытын осындай игі істерге арнаса, ол өзін тұлға ретінде дамытуға құйған инвестициясы болары анық. Менің ойымша, тәуелсіз қазақ елінің жастары үнемі ізденіс үстінде жүретін, оқудан, үйренуден, өзін-өзі дамытудан шаршамайтын, қоғамнан қайырымдылығын аямайтын жігіттер мен қыздар болуы керек.

Өзім де айналама осындай жастарды жинап «Серпер» еріктілер тобын құрдым. Аз ғана уақыттың ішінде тобымызға 40 қа жуық адам жиналды. Ең бірінші өткізген шарамыз «Ескі киімдердің жаңа иесі» деп аталды. Бұл шара аясында аудан халқынан ескі, бірақ киюге жарамды таза киімдерді қабылдап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тараттық. Жиырмаға жуық жанұяға осылай қуаныш сыйладық.

serper200220

Бұдан кейін еріктілерден жиналған 25000 қаржыға көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған екі отбасына азық-түлік алып бердік. Осындай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Аудан көлемінде еріктілер тобы көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Содан соң барлық еріктілер бірігіп, түсінісіп, ақылдасып еңбек етсек, үлкендер жастарға ақыл-кеңесін, айтып тәжірибелерімен бөлісіп отырса, жаңашыл жастар тың идеяларын ортаға салып, тындырымды іс қылса, Президентіміздің сенімін ақтап, еріктілер жылын абыроймен атқарып шығарымыз анық.

Ақмарал ХАМИДУЛЛИНА,

«Серпер» еріктілер тобының жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT