«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жалғасуда.
Бұл жолы Сағидолла Нұржанов кен орнының солтүстік-батыс бөлігінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу барысында табысты нәтижелерге қол жеткізілді.
- Негізінен байырғы кен орындарды игеретін компанияның басым міндеттерінің бірі ресурстық базаны ұлғайту болып табылады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде С.Нұржанов кен орнының бұрғыланбаған бөлігіндегі триас шөгінділерінде 3252-3265 м тереңдікте жаңа өнімді горизонт анықталды. НСВ-11 бағалау ұңғымасын бұрғылау қорытындысы бойынша 9 мм штуцерде тәулігіне 165 м3 дебитпен сусыз мұнай бұрқағы алынды (мұнайдың үлес салмағы – 0,836 г/см3; газ факторы – 105 м3/м3). Қазіргі уақытта мұнда ұңғыма жұмысының оңтайлы режимін анықтау мақсатында кәсіпшілік-геологиялық және гидродинамикалық зерттеулер кешенін жүргізу арқылы сынақ жұмыстары жалғасуда, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар корлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы қолданыстағы С.Нұржанов, Кенбай (Шығыс Молдабек учаскесі), Досмұхамбетов, Ботахан және қайта ашылған Батыс Қарасор (1,4 млн.тн) кен орындарында 14,8 млн. тонна көлемінде қорды балансқа алып бекітті.
Нәтижесінде, ЕМГ мұнайының алынатын қоры 01.01.2020 ж. жағдай бойынша 86,2 млн. тоннаны құрады.
Ал, өткен жылғы есептік кезеңде - 74,3 млн. тонна болған еді. Сол кезде атап өтілгендей, қор өсіміне байырғы кен орындарын игеруге оңтайлы көзқарас пен жаңа әдістер мен технологияларды қолдана отырып, белсенді барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қол жеткізілді.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі