Бұрын жастардың бәрі қариялардң батасын алуға тырысатын. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де болғанымен сиреп барады.
Бұған жаһанданудың салқыны тиіп жатқаны рас. Ата-әже мектебінен өткен ұрпақ зерек те ерек болып, бүкіл елдің мақтанышына айналады. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған, Абайдай дананы тәрбиелеген Зере ананы кім білмейді. Сондай қазыналы қариялардың біразы Бейбарыс ауылдық округінде тұрады. Бейбарыс ауылының тұрғындары Қали Көшалиев пен Ақзибаш ана отбасында 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген мәуелі бәйтерек.
Көшалиев Қали атамыз 1961 жылдың желтоқсанында үш жылдық Отан алдындағы әскери борышын өтеп, ауылға оралыпты. 1962 жылдың қаңтарында «1 май» совхозына жүргізуші болып жұмысқа кіріп, кейін моторист, тракторист, егінші қызметтерін атқарады. Совхозда 48 жылдай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанына 10 жылдың жүзі болыпты. Атамыз 1964 жылдың шілдесінде Ақзибаш анамызбен шаңырақ көтерген. «Ошағымыздың қазынасы сарқылмасын» дегендей, биылғы жылы Қали мен Ақзибаш ата-әжеміздің отасқандарына 56 жыл толады екен. Отанасы Ақзибаш 10 баланы өмірге әкелген. 6 ұл, 4 қыздан 22 немере-жиен сүйіпті. Бір-бір мамандық иесі атанған балалары Ақтау, Атырау қалаларында тұрып жатыр. Ауылда үш ұлы тұратын көрінеді. Бәрі жұмыста, біразы ТШО-да еңбек етеді. Қали атамыз тәрбие, үлкенді сыйлау, өнеге, салт-дәстүр тақырыбында ой өрбітті.
-Бала кезімізде ақсақалды аталарымыз бен ақжаулықты әжелеріміздің «жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете гөр!» деп жаратқанға жалбарынып отырғандарына талай рет куә болдық. Бұған қоса олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін үнемі айтып отыратын. Сол уақытта бұл қылықтарына күле қарап, «кәрі адамға әдеміліктің не қажеті бар?» -дейтінбіз. Сөйтсек, қарттардың сөзінің жаны бар екен. Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әртүрлі қартаятыны заңдылық. Біреулер қартайып, шау тартқан шағында үрім-бұтағының ғана емес, күллі жұрттың ықыласына бөленіп, ардақтысына айналса, кейбіреулердің бала-шағаның берекетін алып жүретін қызымыр, берекесіз шал-кемпір атанатыны шындық. Қалай дегенде де Алланың берген ғұмырын әркім өз ақыл-парасатымен мәнді етпек. Қоғамның ізгілігі-балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықпен бағаланатынын білеміз. Бүгінгі жас-ертеңгі қарт. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы хақ. Бұған бала тәрбиесіне ерекше ден қойған бабаларымыздың «атаңнан бота қалмасын, бата қалсын», «түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген қанатты сөздері дәлел. Әрине, бұл тағылымдар бізге тарих беттерінен белгілі.
Қазақ халқы үйінің төрін үлкендер үшін сайлап, үлкен кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді деп, қайтыс болған соң нәзір де беретін болған. Ауыл ақсақалдары өздері оқымаса да үлкендерден көргенін, үйренгенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптей білген. Жалпы қазақта қариясын қаңғыртып жіберу бүкіл бір рулы ел үшін ұятқа саналған. Тіпті жақын туған-туысы болмаса да қарияларды жалғыз қалдырмаған. Ағайынның ортасында өмір сүрген. Өйткені, кәрілікті жалғыз қарсы алу-үлкен қасірет. Әсіресе, үйіндегі қарияның күтімін жасап, ризашылығын алған келінге ауыл адамдары аса құрметпен қараған. Қазақта «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген бар. Бұл үрдіс ауылдық жерде жақсы сақталған. Бірақ қазақ өміріне жаһандану енгелі қарттарды тыңдап, құрметтеу кемшін түсіп жатыр. Ертеректе адамдар дүниенің қадірін жақсы білді, мәселен, киімі жыртылса, тігіп, жиһаз сынса, жөндеп алатын. Ал қазір жыртық киімді лақтырып, жаңасын алуға құмар. Бүтін болса да сәннен қалған деп лақтыра салады. Үлкенге деген қарым-қатынас та дәл солай. Қартайып, ауырған кезде керексіз дүниедей көріп, үйінен шығарып тастағысы келіп тұрады. Кейбір қарттардың арасында жан жарынан айырылып, жалғызсырап, қайта шаңырақ құрғысы келетіндер кездеседі. Оған есейген балалары көңіл бөлуге уақыт таппайды. Ал көңіл қосқан адамын балалары жақтырмай жатады. Қазақ дәстүрінде әкенің екінші рет әйел алып, үйленуін қабылдағанымен, анасының екінші рет тұрмыс құрғанын онша құптай қоймайтын балалар бар,-дейді атамыз. Оның ойын Ақзибаш анамыз да қостады.
-Қазақ отбасында ата-әженің орны бөлек әрі қадірлі. Әже-отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы, ағайын-туған, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы. Ол кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі, әрі ақылгөй, данагөйі. Ата-әженің айтары мол, берері көп. Әдетте жас отау иелері тұңғыш баласын ата-әженің бауырына салады. Қазақ үшін ата мен әжеге жас сәби жай ғана ермек емес, өнегесін дарытар ерекше ет жақыны. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік, әрі берік. Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлқы, тіл тәрбиесі қалыптасып, үй шаруасына бейім, тіл алғыш, мейірімді болып өседі. Сонымен қатар әдемі қартаюдың жолы-қарттыққа дайындалу дегенді жиі естиміз. Сол қарттықты мойындағысы келмей, өмір бойы жас болып қалғысы келетіндер бар арамызда. Олардың немере сүйіп, әже деген әдемі аттан қашып, «үлкен мама» деп айтқызғанды тәуір көретініне таңым бар. Шындығында адам санасында жас болып қалу деген жоқ. Бұрынғының қариялары қандай еді. «Тәрбие- талбесіктен» деп бекер айтпаса керек. Бәрі шаңырақтағы тәрбиеге байланысты. Отбасындағы тәрбие осалсып кетсе, ешкімге абырой бермейді. Жасөспірім ұл-қыздардың кәмелет жасына жетпей, отау құруы, оң босағада отырып, жүкті болған жасөспірім қыздар, ата-анасын тыңдамай, жастарымыздың өзге діннің жетегінде кетіп, жиһад деп шетел асуының өзі тәрбиенің жоқтығынан, солқылдақтығынан дер едім-дейді Ақзибаш анамыз бізбен әңгімесінде. Біз үлкендерге мықты денсаулық, шаңыраққа бақ-береке, ырыс-несібе тіледік.
Иә, біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпақтарымыз. Әркез алдыңғы буын ата-әжелеріміздің, аға-аналардың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі-өнеге тұтамыз. Өйткені, бұл ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы-өнеге мен тағылым мектебі.
А.АРМАНОВА