Еңбекпен өрнектелген жаз

Өңірде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXI маусымы қарқынды түрде жүзеге асуда. 

Маусым айында басталған жоба биыл да жастардың белсенді қатысуымен өрбу үстінде. Аудан орталығы мен ауылдық округтерден жиналған 120 жас туған жердің көркін арттыруға, экологиясын жақсартуға өз үлестерін қосуда.

Жасыл форма киген сарбаздар күн сайын қаламыздың көшелері мен аулаларында еңбек етіп жүр. Бірі қоқыс жинап, ауланы тазаласа, енді бірі орындықтарды сырлап, айналаны ажарландыра түсуде. Олардың жұмысы тек тазалықпен шектелмейді. Жастар түрлі экологиялық акцияларға, табиғатты қорғауға арналған іс-шараларға да белсене қатысуда. Бұл туралы «Жасыл ел» еңбек жасағының ауданымыздағы координаторы Інжу Елешова:

    - Мамыр айында жастарды тіркедік. Ал жұмыс маусым айында басталды. Және тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Биыл бізге берілген квота – 120 адам. Әр жас тек бір ай ғана жұмыс істейді. Қазір құрамда 16 мен 35 жас аралығындағы оқушылар, студенттер, жұмыссыз жастар және мүмкіндігі шектеулі, бірақ еңбекке қабілетті жастар бар,-дейді ол.

Бүгінде еңбек жасағының сарбаздары қаламыздағы Шафих Ізбасов, Қабиболла Сыдиықов және Балуан Шолақ көшелерінде тазарту жұмыстарын аяқтап, ІІІ ықшам аудандағы балалар ойын алаңдарын сырлау үстінде. Олардың қатарында биыл алғаш рет «Жасыл ел» қатарына қосылған №1 мектептің 11-сынып оқушысы Жанболат Қозбағаров та бар. Өзімен қатарлас мектеп оқушыларымен танысып, жұмыла жұмыс жасап жүрген ол қаламыздың тазалығы мен әсемдігі үшін қызмет қылып жүргенін мақтан тұтады. Бұл туралы өзі:

    - Бос уақытымды тиімді өткізу үшін осы қатарға қосылдым. Оның үстіне тек бір ай ғана жұмыс жасаймыз. Мүмкін, басқа да жастардың жұмыс жасауы үшін бұл талап та дұрыс болар. Мектепте үздікпін. Сабақ үлгерімім өте жақсы. Заманға білімді жастар керек. Сондықтан білім алуды маңызды деп санаймын. Оның үстіне туған өлкеңе қызмет етсең, одан асқан қандай бақыт бар?!-дейді қуана-қуана.

Иә, «Жасыл ел» – тек жазғы табыс табудың жолы ғана емес, жас ұрпақты еңбекке баулып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын мектеп іспетті. Бұл ретте белсенділердің арқасында ауданымыздың әр бұрышы көркейіп, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасуда.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT