«Е-қызмет» персоналды басқару ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің және мемлекеттік органдардың персоналын басқару қызметінің басты мәселелерін шешуге арналған, сонымен қатар, персоналды басқару процесстерін дамыту мен жетілдіру жүйесі болып табылады.
Жүйенің мақсаты:
1. Мемлекеттік органдардың персоналын басқару қызметін автоматтандыру
2. Халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік органдардың персоналын басқару
3. «Онлайн» режимінде орталық және аумақтық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер бойынша барлық ақпаратты алу болып табылады.
Тұңғыш Президентіміздің "Ұлт жоспары – 100 нақты қадам" бағдарламасы осы жобаны қолға алуға негізгі алғышарт болып отыр. Онда Елбасы артық функцияларды қысқарту есебінен жинақы мемлекеттік аппарат қалыптастыру жөнінде нақты міндет қойды.
«Е-қызмет» жүйесінде жұмыс істеу персоналды басқару қызметінің жұмысының өнімділігін арттыруға, жеке деректер, ұйымдастыру бойынша мәліметтер (кадрлық есепке алу), кәсіби және жеке бас құзіреті жайлы мәліметтер, білімі, біліктілігі, кәсіби тәжірибесі, аттестаттау және бағалау нәтижелері, марапаттау және әкімшілікпен тәртіптік жаза туралы мәліметтері бойынша жаңартылған ақпараттарды алу кезінде уақыттың және еңбек шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметші еңбек демалысына шығу, іссапарға баруы, ішкі конкурсқа қатысу, жұмыстан босатылу өтініштерін осы жүйеде электронды түрде жолдайды. Одан әрі, мемлекеттік орган басшысы аталған жүйеде келісім береді немесе кері қайтарады.
Жүйеде мемлекеттік қызметшілердің еңбек өтілі, еңбек демалысына тиесілі демалыс күндері автоматты түрде есептелініп отырады. Бұл жүйенің ашықтығын көрсетеді.
Сонымен қатар, қазіргі өзгеріске орай мемлекеттік қызметке түсушілерге арналған тестілеу оң нәтиже көрсеткен кезде тест нәтижелері Е-қызмет ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады. Одан әрі, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құжат тапсырған жағдайда Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мамандары үміткердің тест нәтижелерін Е-қызмет ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінен көре алады. Яғни, мұндай тәсіл қағазбастылықты азайтады.
Атырау облысындағы мемлекеттік органдарында «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі 2015 жылы іске қосылды. Бүгінгі күні облысымыздағы барлық мемлекеттік органдары (264 мемлекеттік орган)аталған жүйеде жұмыс жасайды.
Оның, 55 республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар, 209 жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Қорытындылай келе, «Е-қызмет» жүйесі мемлекеттік қызметтің персоналды басқару жүйесінің тұтастығын қалыптастыруда және мемлекеттік органдар кадр жұмысының іс-әрекетінің тиімділігін арттыруда маңыздылығы зор.
Шолпан Қайненова,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті,
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.